«7-20-25»: Астанада қай үйлерден пәтер алуға болады

Жаңалықтар
535

 Қазақстанда «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы енгізілген соң, баспана нарығы қалай өзгереді.  Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті және «DIXI» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Нина Лукьяненконың айтуынша, бағдарлама баспана құнына айтарлықтай ықпалын тигізбейді. «Жаңа бағдарламаның енгізілуінен бағалардың өзгеруі байқалған жоқ. Себебі, бұл бағдарлама белгілі бір қарыз алушылар мен баспаналарға ғана арналған. Сондықтан, бағдарлама арқылы баспана сатылымы көбейді деп айтуға да келмейді», - деді Нина Лукьяненко ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, қазақстандықтар су жаңа пәтердің ғана емес, бұрынырақ қолданысқа берілген пәтерлердің де бағдардамасын күтіп отыр. 

«Менің білуімше, бұл тақырып үкіметтің деңгейде талқыланып жатыр. Бәлкім, дәл осы бағдарлама аясында ескірек пәтерлерді алуға рұқсат беретін шығар. Қазіргі бағдарламаның бір талабы - қолданысқа жаңа берілген нысандар болуы қажет. Сәйкесінше, жаңа нысандар қаланың шетінде орналасқан. Сондықтан, жаңа пәтерлер нарығында ұсыныстар бар, бірақ көп емес. Барлық өңірде дерлік осындай жағдай байқалып отыр», - деп өз сөзін түйіндеді ол. 

Өз кезегінде Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев жаңа баспана нарығында пәтерлердің аз екенін жеткізді. Одақ басшысының айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің 90% құрылыс барысында сатылып кетеді де, қолданысқа берілгенде 5-10% ғана қалады. 

«Сондықтан құрылысшыларға 5-10% үшін бұл бағдарламамен айналысу тиімсіз. Дайын пәтерлер өте аз және бұл пәтерлер онсыз да сатылып жатыр. Үй құрылысының өзі 1,5 млрд - 5 млрд теңге аралығында бағаланады. Бұл - екіжылдық процесс. Сондықтан, дайын пәтерді бағдарлама құнымен беру оларға тиімсіз. Пәтерді сату үшін келісімшарттар бекіту керек, құжаттарды рәсімдеп, банкке қосымша қағаздар апару керек. Дайын пәтерлерді онсыз да ипотека немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатуға болады. Сондықтан да, үй салушылар жаңа бағдарламаға келе бермейді. Егер бағдарлама талаптарын жеңілдетсе, әрине басқаша болар еді», - деп түсіндірді ол. 

Сарапшының айтуынша, халыққа екінші, үшінші қолдан пәтер сатып алуға рұқсат беру қажет. 

«Жаңа пәтер ме, ескі пәтер ме - азаматтың өзі таңдауы керек. Сонда жаңа пәтерлер нарығы да қыза түседі. Ескі пәтерін сатқан адамдар жаңа пәтер іздей бастайды. Әйтпесе, қазіргі аяқ алысы өте баяу», - деп есептейді Талғат Ерғалиев. 

Сондай-ақ, сарапшы жаңа пәтерлердің аз болуынан бағасы қымбаттап кете ме деп қауіп білдіреді. 

«Нарықта жаңа пәтер аз және олардың бағасы қымбаттайды. Бұл нарықтың заңы, оны мен ойлап тапқан жоқпын», - деді ол. 

Қазақстан құрылысшылар одағы Астанада «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алуға болатын құрылысшылар мен тұрғын үй кешендерінің тізімін ұсынды.

Madeniet.kz

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...