Абзал Құспанның төрт кеңесі

Жаңалықтар
4752

Әлеуметтік желіде де, өмірде де, биліктің оспадар әрекеттерінен "шаршадық-шалдықтық", "өмірдің мәні қалмады" - деп түңілген адамдар кездесіп қап жатады. Әрине, оған бірінші кезекте, халқының материалдық жағдайын, моральдық-психологиялық климатын қалыптастыра алмаған билік кінәлі, ол сөзсіз. Дегенмен, өзімізге өзіміз сұрақ қояйықшы; Сіз бен Біздің тағдырымыз биліктегілердің қолында ма, жоқ өз қолымызда ма? Меніңше, өз қолымызда! Сондықтан, осындай жағдайға тап болғандарға өз басым әдетте мынадай кеңестер беремін; 

1. Әлеуметтік желілерден ажырап, өзіңізге-өзіңіз тыныштық сыйлаңыз. Ұзақ уақыт эксплуатацияда болған автокөлікке дем алдырмасаң қызып, істен шығып қалатыны сияқты, ет пен сүйектен жаралған адам да шаршайды, тиісінше оның жаны да негативтен бір кез дем алуға толық құқылы.

2. Өзіңіз әдетте сүйіп айналысатын немесе бұрындары жақсы көрген іспен айналысыңыз. Мысалы, көлемді роман оқыңыз, ең болмаса Роберто Беньинидің "Жизнь прекрасна" сияқты тамаша фильмдерін көріңіз.

3. Міндетті түрде физикалық жаттығуларды қолға алыңыз, оның ішінде таңғы жаттығулардың, ал оның ішінде ұзақ қашықтыққа жүгірудің маңызы зор. Ұзақ қашықтыққа жүгіру арқылы Сіз қаныңыздағы эндорфин деп аталатын, адамды шаттық көңіл-күйге бөлейтін қан түйіршіктерін "оятасыз" (қазіргі медицина ғылымы оны жоққа шығарады, бірақ марафоншы ретінде мен ол теориямен келіспеймін, әрі-беріден соң ғылыми дау бізге не керек, көңілімізді көтеріп, денсаулығымызды түзесек болды емес пе?).

4. Біреуге қуаныш сыйлаңыз. Мейлі, қолыңыздан келсе үйі жоққа үй алып/салып беріңіз, есігінің алдындағы қарын тазалап, болмаса көлігіңізбен тегін жеткізіп салыңыз т.б. Әйтеуір, риясыз жасаған жақсылығыңыз үшін Сізге айтылған алғыс жаныңызды жадыратып, жүрегіңізді нұрға бөлейтіні анық.

Міне, менің ұсынар ең қарапайым тәсілдерім осылар. Мүмкін Сіз құдай оу, психологиялық еңбектерде, семинар-тренингтерде бұндайдың мың-миллионы айтылады деп қомсынарсыз. Ия, мен бұ жерде белгілі адамдардың, психолог-философтардың еңбектеріне сілтеме жасамадым, әдемі афоризмдер мен цитаталарды қоспадым, өлеңдетіп, мақал-мәтелдетіп өңдемедім. Мен бар-жоғы тарыққан-торыққан сәттерімде өзіме өзім қолданған, өз басымнан өткерген қарапайым тәжірибелеріммен ғана бөлістім, бары сол ғана. Тым ақылдымсып кетті ғой деп, сөге жамандамаңыз. Пайдалы жерін алып, пайдасызын қалдырыңыз. Өмірге ғашық болыңыз! Жизнь прекрасна!

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...