Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев неліктен әріптесі Дайрабаевтың «Ауыл» партиясы төрағасын...
Алматыдағы қонақүйлердің бірі келушілерден неке куәлігін талап еткен
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Алматыдағы қонақүй бөлмеге орналаспақ болғандардан неке куәлігін талап етіп, тек шариғат заңдарына бағынатынын айтқан. Тұрғын еліміздің зайырлы екенін тілге тиек етіп, мұндай талаптың заңға қаншалықты сай екеніне таңғалды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Ғабит Гарипович есімді тұрғын Threads-желісінде Al Qasr halal hotel қонақүйіне бронь жасап, 2 адамдық орын алғанын айтады. Алайда алдын ала тек белгілі бір таптағы адамдарға, белгілі бір талаптармен кіргізетінін ескертпеді дейді.
Ер адам Алматыға қызмет барысымен сүйіктісімен келген көрінеді.
“Қонақүйге келгеннен кейін бізден неке куәлігін талап етті. Ресепшнде отырған жігіт шариғат бойынша неке куәлігінсіз кіргізе алмайтынын айтты. “Мүмкін сіз жеңіл жүрісті қызды шақыртқан боларсыз?!” деді. Мен бұл сөзге ескерту жасап, “менің қызым жеңіл жүрісті дегіңіз келіп тұр ма?” дедім. Ол шариғат бойынша оған рұқсат жоқ екенін түсіндірді. Мен мұндай талап қоюға құқығы жоқ екенін айтып, құзырлы органдарға хабарласатынымды айттым. Содан кейін ғана бізді кіргізді”, – деді ер адам.

Желі қолданушыларының да пікірі екіге бөлінді. Бірі Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және мұндай ережелердің орынсыз екенін атап өтті.
"Менің неке куәлігім болса да, ештеңе көрсетпей полицияға хабарласар едім. Өйткені қонақтарын орынсыз талап қою арқылы қорлап, өздеріне көп алып отыр", “Біз шариғи ережелерге бағынатын ел емеспіз. Әркім өз күнәларына өзі жауапты” деді олар.
Дегенмен қонақүйдің өз ережелерін белгілеуге құқығы бар, бірақ қонақтарды тіркелу алдында ескертуге міндетті деп санайтындар да бар.
"Олар дұрыс істеп жатыр, мен де адамдардың менің мекемемде жаман нәрсе істеуіне жол бермеу үшін солай істеймін!", "Жеке бизнес өз ережелерін белгілей алады. Тек бір мәселе – брондау алдында ескерту болмаған", “Отбасылылар үшін жақсы екен”, – деді қазақстандықтар.
Al Qasr halal hotel қонақүйінің парақшасында “халал қонақүй” деп көрсетілген. Намазхана бар екені жазылған, алайда тек некедегі адамдар орналаса алатыны көрсетілмеген. 2GIS-те де қонақүйде темекі шегуге тыйым салынғаны ғана көрсетілген.
Қонақүй әкімшілігі өздерінің ішкі ережелерінде ерлі-зайыптылар ғана бір бөлмеде тұра алатынын растады. Растау үшін АХАТ бөлімінен неке туралы куәлікті немесе мешіттен берілетін куәлікті көрсетуге болады.