Шайдоровқа Олимпиада медалі үшін 250 мың доллар төленеді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
103

Қазақстан Үкіметі Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне берілетін ақшалай сыйақыларды бекітті. Ең ірі сыйақыны мәнерлеп сырғанаудан медаль жеңіп алған Михаил Шайдоров алады, деп хабарлады  MadeniPortal.kz.  

Үкімет қаулысына сәйкес, спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын марапаттау үшін резервтік қордан қаражат бөлінді. Жалпы алғанда, ақшалай сыйақы екі спортшы мен бес жаттықтырушыға тағайындалды.

Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы белгіленді. Ал конькимен жүгіруден үздік алты спортшының қатарына енген Надежда Морозова 5 мың доллар алады.

Сондай-ақ спортшылардың бас, жеке және алғашқы жаттықтырушыларына да сыйақы төленді.

Ақшалай марапаттан бөлек, Олимпиада жүлдегерлеріне қосымша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдар спортшыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.

Михаил Шайдоров 2026 жылғы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан тарихи алтын медаль жеңіп алды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін осы спорт түріндегі соңғы 32 жылдағы алғашқы Олимпиада алтыны болды.

Даулы жағдай Михаил Шайдоровтың журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатынан кейін туындады. Онда спортшы бірнеше ай бойы жалақы алмағанын және ақпан айынан бері медициналық қолдаусыз қалғанын айтқан. Оның сөзінше, бұл жаңа маусымға дайындық кезінде қосымша қиындықтар туғызған.

Кейінірек Спортты дамыту дирекциясы қаңтар және ақпан айларына арналған төлемдердің толық көлемде жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомство кешігуді жаңа олимпиадалық циклге көшу және жаңа келісімшарт жасау қажеттілігімен байланыстырды.

Одан кейін Туризм және спорт министрлігі Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты мәселе толық шешілгенін хабарлады.

ЖАҢАЛЫҚТАР

18 маусым, бейсенбі күні Бутаковка өзені маңында 16 жастағы жасөспірім велосипед теуіп жүріп құлап,...

СҰХБАТТАР

Жалған ілімнің жетегінде: жабық діни жамағаттан шыққан азаматтың өмірлік сабағы Дінді тануға деген...