Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды

Фото: ашық дереккөзден

ЖАҢАЛЫҚТАР
47

Арман Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Аида Балаеваны алмастырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалып, бұған дейін атқарған қызметінен босатылды.

Арман Қырықбаев кім?

Арман Оразбайұлы Қырықбаев 1976 жылғы 20 қазанда Целиноград қаласында дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында білім алған. Мамандығы бойынша экономист-халықаралық қатынастар саласының маманы.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде бастаған. Алғашқы жылдары Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе болып жұмыс істеді. 1997-2000 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарды.

2002-2005 жылдары жеке секторда басшылық қызметтерде еңбек етті.

2005-2006 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары және Алматы қаласының Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болды.

2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыс департаментін басқарды.

2008-2010 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

2010-2012 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болды.

2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін атқарды. Осылайша, Арман Қырықбаев үшін қазіргі министрлік қызметі бөтен сала емес — ол бұған дейін ведомствоның құрылымында бірнеше басшылық лауазымда еңбек еткен.

2014-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі болды.

2015-2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, ішкі саясат, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты және басқа да әлеуметтік бағыттарға жетекшілік етті.

2020-2022 жылдары Nur Otan партиясының хатшысы болды.

2022 жылы Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметіне қайта оралып, бұл лауазымда 2024 жылға дейін еңбек етті.

2024-2025 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2025 жылғы 24 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Енді Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарады.

Оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолының елеулі бөлігі мәдениет, ақпараттық саясат, ішкі саясат және қоғамдық коммуникациялар салаларымен байланысты.

Жаңа министрдің алдында мәдениет саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, шығармашылық индустрияны қолдау, отандық медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік ақпараттық саясат пен азаматтық қоғам саласындағы жұмысты жалғастыру міндеттері тұр.