Баян Алагөзова көрермендердің неге «Күлпаш» фильміне бармай жатқанын айтты

коллаж MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
210

Танымал продюсер Баян Алагөзова отандық киноның қазіргі жағдайы мен қазақстандық көрермендердің талғамына қатысты өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, ұлттық трагедия мен тарихи шындықты арқау еткен туындыларға қарағанда, жеңіл комедияларға сұраныс басым, деп хабарлайы MadeniPortal.kz.

Продюсер осыдан үш жыл бұрын өз командасымен бірге ашаршылық тақырыбында фильм түсіргенін, алайда оны кинотеатрларға шығаруды жоспарламағанын айтты.

«Үш жыл бұрын командамыз ашаршылық туралы фильм түсірді. Оны прокатқа шығарамыз деп те ойламадым. Ақан батылырақ болып, көрерменге үлкен сенім артты. Аудиториямыздың есейіп, талғамы қалыптасуы үшін әлі уақыт керек деп ойлаймын», – деп жазды Баян Алагөзова Instagram-дағы сторисінде.

Продюсердің пікірінше, отандық кино нарығында комедиялық туындылардың көп болуы көрерменнің таңдауына да әсер еткен. Ол қоғамда фильмді таңдау, бағалау және талдау мәдениеті әлі толық қалыптаспағанын атап өтті.

«Менің әріптестерім шынымен кино түсіргенде, әр кадрынан шындық, ұлттық мұң мен трагедия сезілгенде, көрермен күлу үшін комедияны таңдайды. Көрермен билетке көңіл көтеру үшін төлейді: келіп, күледі де, ұмытады», – деді ол.

Алагөзова осылайша отандық киноиндустриядағы маңызды мәселені көтеріп, тарихи және әлеуметтік маңызы бар туындыларды қабылдауға көрерменнің қаншалықты дайын екеніне қатысты пікір білдірді.

Айта кетейік, Баян Алагөзованың бұл мәлімдемесіне режиссер Ақан Сатаевтың ашаршылық туралы «Күлпәш» фильмінің Атыраудағы көрсетіліміне небәрі он көрерменнің келуі себеп болған. Режиссер залға өзі барып, әрбір көрерменге алғысын білдірген. Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген тарихи драма 19 қарашада прокатқа шықты. Картина ашаршылық жылдарындағы қазақ отбасының ауыр тағдырын баяндайды.