Жас режиссер Мұрат Есжанның “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмі “TICKETON AWARDS 2024...
Астанада автобус апатының кесірінен екі аяғынан айырылған Алуа протезбен алғаш рет жүре бастады
дереккөз
Aстанада орын алған жол-көлік оқиғасынан кейін екі аяғынан айырылған 8 жастағы Алуа есімді қыз алғашқы рет протезбен жүріп үйренуде, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.
Қазіргі таңда ол оңалту кезеңінен өтіп, қайта жүру машықтарын меңгеріп жатыр. Оның реабилитация барысы арнайы ашылған Instagram парақшасында бөлісілуде. Жарияланған бейнежазбада Алуаның үлкендердің көмегімен протез арқылы алғашқы қадамдарын жасап жатқаны бейнеленген. Жазбада бұл сәт «жаттығу» деп сипатталған.
Интернет қолданушылары мен жақындары Алуаның табандылығына сүйсініп, түрлі қолдау пікірлерін білдіруде. «Дәрігерлерге, жақындарына және көмек көрсеткен жандарға алғысымыз шексіз. Бұл – үлкен ерліктің шағын жеңісі», – деп жазды пікір қалдырушылар.
Айта кетейік, маусымның 2-сі күні елордада автобус қатысқан ірі жол апаты болып, бірнеше адам зардап шекті. Алуа ауыр жарақат алып, оның қос аяғын кесуге тура келген. Кейін есін жиған кезде ол жақындарынан «Менің аяқтарым қайда?» деп сұрағаны көпшіліктің жүрегін елжіреткен болатын.
Қала басшысы қыздың отбасына қолдау білдіруге уәде беріп, оларға төрт бөлмелі пәтер сыйлаған. 9 маусымда дәрігерлер гангрена қаупіне байланысты оған қайта ота жасады. Қазір Алуа біртіндеп сауығып, жаңа өмірге бейімделіп келеді.