Астанада теңге ілуден Азия чемпионаты өтті

Жаңалықтар
1361

 Астанадағы «Қазанат» атшабарында бүгін теңге ілуден II Азия чемпионаты мәресіне жетті. Түс ауа басталған салтанатты ашылудан соң атпен құйғыта шапқан бетте көз ілеспес шапшаңдықпен түйіншектегі теңгелерді бірінен соң бірін іліп алған теңге ілуші жігіттердің сайысы қалың жанкүйердің көңілін бір серпілтті. 9мемлекет спортшыларының арасынан ақтық сынға санаулы саңлақтар суырылып шықты.  

Сонымен, Теңге ілуден  Азия Чемпионатының қорытындысы төмендегідей:

Жүлделі бірінші орын – Сапарбек Мағжан (Қазақстан, 1 500 000 теңге)

Жүлделі екінші орын – Ізжанов Ғалымжан (Қазақстан, 750 000 теңге)

Жүлделі үшінші орын – Минур уулы Амантур (Қырғызстан, 500 000 тг)

Азия Чемпионатының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі спорттың дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

 «Бұл айтулы шара біздің әсем де көрікті елордамыз – Астананың 20 жылдығын атап өту аясында өткізіліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы спорттың дамуына, әсіресе ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше көңіл аударатынын білесіздер. Бүгінгі шараны өткізуге негіз болып отырған ұлттық спорттың дамуына зор үлес қосып жүрген Қайрат Сатыбалдыұлы, Бекболат Тілеухан мырзаға, сонымен қатар Халықаралық Қазақ күресі федерациясының басшысы Қанат Алдабергенұлына, меймандарға алғыс білдіреміз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Теңге ілуден Қазақстан құрамасының бапкерлер алқасы республика чемпионы Мағжан Сапарбек пен 2015 жылғы Азия чемпионы, 2017 жылғы «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының жеңімпазы Ғалымжан Ізжановқа сенім артқан болатын. Майталмандар үдеден шыға білді. Құрама бапкері Нұркен Байбөриевтің үмітін ақтаған кіл мықтылар алғашқы екі орынды қанжығасына байлады. Теңге ілуден үшінші орын қырғыз спортшысы Амантур Минууруулуға бұйырды. Жүлделі төртінші және бесінші орын Моңғолиядан келген Серік Жеңісбек пен Бобороджан Мусоевтың еншісіне бұйырды. Айта кетсек, ертең «Қазанатта» аударыспақтан III Азия чемпионаты өтеді. Бес салмақ бойынша сынға түсетін 9 ел спортшыларының сайысы аса тартысты өтетіні анық. 

Бұл додада Қазақ елінің намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Есімхан Рахмәтілла, Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиев секілді азаматтар қорғайды. Аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев - екі дүркін Азия чемпионы (2014, 2016 ). 2017 жылы Астанада өткен халықаралық турнирдің аса ауыр салмақтағы және абсолютті сайыстағы жеңімпазы. Сырым Ізбасаров - ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионы (2014, 2016). Азияның 2016 жылғы абсолютті жеңімпазы. А. Серғазин, Ш. Ержанов, Е. Рахмәтілла - талай жарыста топ жарған мықты спортшылар. Ұлттық құраманың жетекшілері - Қуанышбек Құрамаев пен Жанбатыр Бекмұсаев. Теңге ілу мен аударыспақтан 2018 жылғы Азия чемпионаты 2 маусым күні аяқталады. Айта кетсек, қос ұлттық спорт түрінен Азия Чемпионаттарына 9 елден, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркиядан 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда 100-ге тарта адам қатысуда.

Madeniportal.kz

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...