Асхат Аймағамбетов түлектер кешіндегі дарақылықты сынға алды

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
133

Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кештері мен оған кететін шығындар туралы пікір білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Ол Оқу-ағарту министрлігінің мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе және басқа да коммерциялық орындарда өткізуге тыйым салу, сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға жол бермеу туралы ұстанымына қатысты ойын айтты.

Депутаттың пікірінше, кей жағдайларда мектептегі мерекелік іс-шаралар шамадан тыс шығынды шараларға айналып кеткен. Оның айтуынша, көптеген бітіру кеші әлдеқашан «даңғазалық жәрмеңкесіне» айналған.

Аймағамбетовтің сөзінше, кейбір отбасылар бітіру кешін ұйымдастыруға, фотосессияларға, виньеткаларға және салтанатты шараларға қомақты қаржы жұмсауға мәжбүр.

"Мен суретті өз телефоныммен-ақ түсіріп, виньетканы 10 минутта жасай аламын. Ондаған мың теңге төлеудің не қажеті бар?" , деді ол.

Сонымен қатар депутат ата-аналар мен түлектердің мектеп бітіруді атап өткісі келетінін түсінетінін айтты. Алайда ол Оқу-ағарту министрлігі мен ІІМ көтеріп отырған әлеуметтік әділдік пен қауіпсіздік мәселелерін ескеруге шақырды.

Оның айтуынша, кей жағдайларда бітіру кешіне кететін шығын жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге дейін жетеді. Бұл кейбір ата-аналардың наразылығын туғызуда.