«Балам, қашан келесің?..» спектаклі туралы ой
Фотосурет автордан
Сәуір айының 8–10 аралығында Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры Алматы қаласына гастрольдік сапармен келіп, таңдаулы спектакльдерін көрермен назарына ұсынған болатын. Гастрольдің алғашқы күні реж. Б. Манатбекұлының «Аладдин» ертегісімен ашылып, реж. А. Нигмановтың «Ұждан» әфсанасымен жалғасты. 9 сәуір күні реж. Ж. Жұманбайдың «Балам, қашан келесің?» драмасын ұсынып, гастрольдің соңғы күнін реж. С. Левицкийдің балалар мен ересектерге арналған «Джудит жасаған қиын таңдау» спектакль-шоуымен аяқтады.
Ертіс-Баян өңірінен келген музыкалық-драма театры өздерінің жан-жақты екендігін осы сапарында барынша көрсеткенін байқадық. Репертуарында түрлі тақырыптар мен жанрлар қамтылған. Біз оны «Ұждан» спектакліндегі ой салар философиясынан, кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Аладдин» және «Джудит жасаған қиын таңдау», әлеуметтік мәнге ие «Балам, қашан келесің...» спектакльдерінен аңғардық.
Алматылық көрермен Ж. Аймауытов театрын ыстық ықыласпен қарсы алды. Әсіресе С. Сыбанбайдың «Үміт үйі» атты шығармасы негізінде «Балам, қашан келесің?..» деген атпен қойылған спектакль көрерменнің көңіліндегі нәзік сезімдерді оятып, шынайы өмірмен бетпе-бет келуге септігін тигізді. Шығарманың сахналық интерпретациясын жасаған режиссер – Ж. Жұманбайдың өзі.
Қазіргі таңда өзекті болып тұрған мәселені қозғаған бұл спектакльдің тақырыбы бірінші орынға шығып, көркемдік тұтастығы әлсіз болды. Қараусыз қалған шарасыз қартты көргенде, адамгершілік қасиетті ту еткен әрбір адамның көкірегінде аяушылық сезімі оянатыны сөзсіз. Залда отырған көпшілік спектакль соңында көз жасына ерік бергеніне куә болдық. Қойылымдағы актерлік ойын, серіктестік қарым-қатынас, бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысу, көркемдік тұтастық көп тұста ақталмай жатты. Алғашқы көріністің бірінде сахнаға қарттардан сұхбат алу мақсатында Тілші (акт. Е. Төлеубек) мен Оператор (Т. Мұқатай) кіріп, қарттарға айтар сөзін ауыздарына салып береді. Олар ақтарылып, өз ойлары мен сезімдерін аша бастаса, тілші қыз бірден жекіп, орынсыз оғаш мінез көрсетеді. Осы көріністегі Тілші мен Оператордың қарттарға деген салғырт қарым-қатынасы балалардың ата-анаға жасаған немқұрайлы қарым-қатынасының бір белгісі іспетті. Бір жағынан, режиссер осы сахна арқылы қоғамда болып жатқан бармақ басты, көз қысты әрекеттерді ашық көрсету арқылы ащы шындықты сахнаға шығарғанына куә боламыз.
Қойылымдағы кейіпкерлер шынайы өмірден әлдеқайда алшақ, әсірелеп бейнеленген, әсіресе қарттардың ұлдары мен келіндері. Сонымен қатар кейіпкерлер арасындағы тепе-теңдік сақталмаған. Спектакльде ата-ананы қарттар үйіне өткізуге бірінші әрекет жасайтын немесе себепші болатын – әйелдер (келіндер). Еркектер болса сол үгітке мойынсұнады немесе бетбақ әйелден бас тарту арқылы қайғылы драманың алдын алады. Яғни: үгіттеуші – әйел, айтқанға көнетін – еркек. Біздің ойымызша, бұл тұста көзге көрінбейтін теңсіздік жүріп жатқандай. Сонымен қатар көпшілік отбасында орын алған оқиғалар өзара ұқсас. Енесі келінін түзегенде, әкесі ұлына ақыл айтқанда кикілжің туып, арты қарттар үйіне ұласады.
Соған қарамастан, қойылымдағы драматургиялық бұрылыс сәтті шешімін тапты деп есептейміз. Барша көрермен Дәмегүл әженің (акт. Р. Тәжібаева) Калькуттаға кеткен баласы қайтып оралатынына сенді. Ең болмаса, ынсап осы әженің баласында бар деп бәріміз ойладық. Бірақ күтпеген жерден шындық көпшілікке аян болғанда, көрермен күткен үміт ақталмай, көзден жас парлап аға бастады. Қойылымның басынан бастап Дәмегүл әже баласының иткөйлегін қолынан тастамай, иіскеп жүрген болатын. Сондағы сағындырған ұлы жұмыс деп Калькуттаға кетпеген, жай ғана анасынан бас тартып кеткен екен.
Спектакльдің соңындағы күтпеген шешім көрерменнің жүрегін одан әрмен елжіретіп, ата-ананың қадірін марқұм болмай тұрып қадірлеу керектігін сезіндірді. Қойылым барысында қарттар үйіндегі бір кейіпкерден: «Бұл үйге кірген із болғанымен, шыққан із жоқ», – деген бір ауыз сөзді естиміз. Автор жазған шығарманың аты «Үміт үйі» болғандықтан, соңында бір жақсылықтан үміт етіп отырған біздер үшін шынымен де қарттар үйінен шыққан іздің болмайтынын көру ауырға соқты. Ақтық демі қарттар үйінен шыққан қарттарды бала-шағалары емес, сол мекеменің басшысы мен заңгері арулап арғы дүниеге аттандырады. Бұл сахнаның сценографиялық шешімі өте ұтымды шықты деп атай аламыз. Себебі әр орындықты марқұм адамдай кебіндеп орау спектакльдің соңына өте орынды шешім болды. Осындай символдық шешіммен аяқтаған режиссерге мың алғыс. Бұл сахнаның атмосферасын одан әрі көтеруге себепші болған – Ж. Омаровтың орындауындағы «Ата-ананың қадірі» термесі.
Сонымен қатар қойылым өте әдемі визуалды көркемдікке ие. Сахнаны екіге бөліп тұрған үлкен әйнек қойылым соңында өлі мен тірінің арасын бөлген кезде параллельді көріністі көреміз. Қойылым барысында да бұл әйнек өз қызметін жақсы атқарды. Кейіпкерлерді терезеге телміртетін де, олардың сырттағы тіршілігін көрсететін де – осы әйнек.
Бастапқыда айтқанымыздай, спектакльдің тақырыбы алдыңғы қатарға шығып, көрерменге бағытталған діттеген мақсатына жеткен. Бірақ қайталана беретін мизансценалар өте көп, өлшем-ырғақ баяу. Дәмегүл апа (акт. Р. Тәжібаева) барып монолог оқыған жерге бәрі келіп, арты-артынан монолог оқиды. Бақтыбай ата (Б. Шәнім) қарап тұрған терезеге өз кезегімен бірі барып қарап, мұңға бататыны сынды қайталанатын іс-әрекеттер жетерлік. Спектакльдегі жоғарғы буынның актерлік шеберлігіне, кейіпкерлерін сезінуі мен сахнада шынайы өмір сүргендігіне дау жоқ. Алайда қарттардың балаларын ойнаған актерлердің кейіпкер жасауға келгендегі жұмыстары анағұрлым әлсіз. Кейіпкерді сезіну, «егер де мен әкесін қарттар үйіне өткізген перзент болсам, не істер едім?» деп тосын жағдайға түскен кейіпкерлердің жай-күйі ойынында ашылмаған бойда қалып кетті. Кейіпкержандылықтан гөрі кейіпкерсындылыққа басымдық берген жас буын, орта буын артистерге әлі де біраз тәжірибе қажет.
Қорыта айтқанда, театр ұжымы бүгінгі қазақ қоғамында үлкен орын алып отырған қарт ата-анаға арналған өзекті мәселені қозғауымен ұтқан. Сондықтан да қойылымның ғұмыры ұзақ болары айдан анық.
Дәлібаева Шұғыла, театртанушы,
Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті.