Берік Уәлиге ән арнаған екі асабаның видеосын әкімдік өшіртті

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
187

Әлеуметтік желіде семейлік екі асабаның Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арнап ән айтқан бейнежазбасы тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Осыған байланысты облыс әкімдігі түсініктеме беріп, бейнеклиптің мемлекеттік органдарға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Бейнежазбада Ернар Дүйсен мен Қуантқан Қуанышқанұлы өңір басшысын мадақтап, ән орындаған.

Әкімдік өкілдері Instagram және TikTok желілерінде тараған бейнежазбаны көрген бойда авторлардан оны өшіруді талап еткен. Кейін видео олардың жеке парақшаларынан алынып тасталған. Алайда оның көшірмелері WhatsApp мессенджері мен өзге де ақпараттық арналар арқылы тарап үлгерген.

Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасымның айтуынша, 25 қараша күні кешке жарияланған «Әкімге қошемет» атты бейнебаян авторлардың жеке шығармашылық бастамасы болған.

Ән мәтінінде Берік Уәлидің қаланы көркейтуге, көшелерге асфальт төсеуге және жемқорлықпен күресуге қосқан үлесі дәріптелген.

«Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ», – деп мәлімдеді Азамат Қасым.

Сондай-ақ баспасөз хатшысы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға қатысты ақпарат тарату кезінде деректердің шынайылығына мән беруге және расталмаған мәліметтерді жарияламауға шақырды.

PESTEL

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап туристерге Амстердамда тұру үшін көбірек төлеуге тура келеді. Қалалы...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдерін біріктірген Қазақстан-Өзбекс...