Президент сот жүйесін реформалау туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Бұл турады...
Берік Әбдіғалиұлының «Ұмытылған қаһармандар» атты кітабының тұсаукесері өтті
Бүгін «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында «Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа кітап көпшілікке таныстырылды. Бұл еңбекке Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, жоғары наградаларға ұсынылғанымен түрлі себептерге байланысты тиісті марапатына қол жеткізе алмаған батырлар туралы мәліметтер жинақталған. Кітаптың және жалпы жобаның авторы, белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы.
Жаңа еңбек «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында жарық көрді. Салтанатты рәсімге партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және кітапқа есімдері енгізілген батырлардың ұрпақтары қатысты.
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жобаның басты мақсаты ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін кеңінен насихаттау екенін айтты.
– Осы игілікті ісіміз арқылы біз жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат тұттық. Кезінде өздері көре алмай кеткен құрмет пен марапатты бүгінгі ұрпақтарына көрсетіп, аталарымыздың ерліктерін дәріптеуді көздедік. Бұл – бүгінгі бейбіт күніміздің кепілі болған әкелеріміз бен аталарымыздың алдындағы перзенттік борышымыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол аталған еңбекті Берік Әбдіғалиұлының «Забытые Герои. Герои Советского Союза» атты жинағының жалғасы деп қабылдауға да болатынын жеткізді. Б.Әбдіғалиұлының бұған дейін де осы салада зерттеулер жүргізіп, 2015 жылы жоғарыда аталған жинақты жарыққа шығарған болатын.
«Ұмытылған қаһармандар» атты жаңа еңбекке Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған 133 майдангер туралы мәліметтер енгізілген. Олардың көпшілігі жаяу әскер. Сондай-ақ артиллерист, пулеметші, сапер, танкист, танкіге қарсы өздігінен жүретін (СУ, ИСУ) атқыш, мерген, санитар, байланысшы, кавалерист, десантшы, әуе десанты, ұшқыш, инженерлік әскер және ІІХК-нің (НКВД) қызметкерлері бар.
Жинаққа тек марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлер ғана енгізілген. Дегенмен, партия Төрағасының Бірінші орынбасары елімізде соғыста ерен ерлік көрсетсе де лайықты марапатын ала алмаған батырларымыз тізімдегіден әлдеқайда көп екеніне назар аударды.
– Ерліктері ескерілсе де, дер кезінде еленбей қалған батырларымыздың бұдан да көп екені белгілі. Сол себепті «Nur Otan» партиясы осы бағытта еңбектеніп жүрген азаматтарға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра береді. Бүгін көпшілікке таныстырылған жаңа туынды біздің ауқымды жұмысымыздың бірінші кезеңі ғана. Келесі кезеңде бастаманың аясын кеңейтіп, батырларымыздың есімдерін мектептерге, көшелерге және ауылдарға беру ісін қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта сол жоспарларымыздың да жүзеге асатынына сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Екінші Дүниежүзілік соғысына баға берместен бұрын оған ең алдымен адамдардың тағдыры, қарапайым халықтың ерлігі тұрғысынан қарау керектігін айтты.
– Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысы туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірақ біз сол кезде аталарымыз бен әкелеріміз, әжелеріміз бен аналарымыз батырлық пен батылдықтың, қайрат пен қажырлықтың, сабыр мен төзімнің жарқын үлгісін көрсеткенін кеңінен насихаттауымыз керек. Олар бастарына түскен ауыр жағдайға қарамастан адами қасиеттері мен өмірлік ұстанымдарынан айнымай, Отан үшін отқа түсуден тартынған жоқ. Сондықтан сол бір сұрапыл жылдар туралы айтқан кезде алдымен осындай сәттерге назар аударған жөн, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Өз кезегінде жоба авторы Берік Әбдіғалиұлы соғыс жылдарында 497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын, алайда ұсынылғандардың саны бұдан да көп екенін айтты.
– Өкінішке қарай, көптеген жауынгерге қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді. Ресей, Беларусь, Украина және басқа да Еуропа елдерінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас батырлар мәңгілікке қалды. Соғыс алаңдарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Біздің әр батырымыз есте сақтауға, құрмет көрсетуге лайық. Олардың есімдері ешқашан ұмытылып кетпеуі керек. Себебі олардың әрқайсысы нағыз қаhaрмандар, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Бұдан басқа, автор сегіз бірдей отандасымыздың екі рет Батыр атағына ұсынылғанын тілге тиек етті. Олардың екеуі капитандар Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейтхан Темірбаев. Екі рет ұсынылғанымен олар бір рет болсын Батыр атағын алды. Ал қалғандарына екі ретінде де берілмеген.
– Олардың арасында саперлер – қатардағы жауынгер Құдайберген Жансеріков және аға сержант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасының командирі, лейтенант Қабыш Көктаев, 248 жаудың көзін жойған мерген, аға сержант Зейтін Байжанов және майор В.Гутов пен лейтенант В.Гутовский бар, – деген Берік Әбдіғалиұлы алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар әрі қарай жалғасатынын жеткізді.
Ал Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев Ұлы Отан соғысына қатысқан және сол кезде тылда еңбек еткен кез келген адамға құрмет көрсету баршамыздың басты міндетіміз болуы керектігін айтты.
– Жұлдызын алса да, алмаса да, біз үшін соғысқа қатысқан аға буынның бәрі батыр. Бұл – біздің еліміздің тарихы. Қандай пікір айтылса да тарихты ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан біз Жеңісті жақындатқан, соған үлкен үлес қосқан батырларымызды осылай дәріптеп, тек өз еліміздің көлемінде емес, одан тыс аудиторияларға да кеңінен насихаттауымыз керек, – деді Мұхтар Алтынбаев.
Одан бөлек, басқосуда Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, «Қаһарман» қорының директоры Сабыр Қасымов және кітапқа есімі енгізілген батыр Мінайқұл Сағындықовтың ұлы Марат Сағындықов сөз алып, атқарылған жұмыстың маңызы мен мәні туралы пікірлерін білдірді. Іс-шараны белгілі журналист, көрнекті қаламгер Нұртөре Жүсіп жүргізіп отырды.