Құрылтайда журналистерге жаңа шектеу қойылмақ

Құрылтай отырысынан

ЖАҢАЛЫҚТАР
120

Құрылтайда журналистердің депутаттармен жұмыс істеу форматын өзгерту жоспарланып отыр. Енді БАҚ өкілдері депутаттарға сұрақтарын тек баспасөз орталығында қоя алады. Бұл туралы Құрылтайдың екінші отырысынан кейін Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков мәлімдеді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Оның айтуынша, Құрылтай ғимараты режимдік нысан болғандықтан, журналистер онда еркін жүріп-тұра алмайды.

«Ғимарат ішінде еркін жүре алмайсыздар. Ешкімнің ғимаратта еркін жүруге құқығы жоқ, бұл – режимдік нысан. Тек алып жүру арқылы ғана қозғалуға болады», – деді Болат Кальянбеков.

Сондай-ақ депутаттармен тікелей сөйлесу тәртібі де өзгермек. Енді депутат БАҚ өкілдерімен сөйлесуге өзі ниет білдірген жағдайда ғана журналистер алдына шығады.

Кальянбековтің сөзінше, журналистер депутатпен байланысу үшін оның жеке байланыс нөмірін немесе партияның баспасөз қызметін пайдалана алады. Депутаттар фракция мүшесі болғандықтан, сұрақты партия немесе фракция арқылы да жолдауға болады.

«Енді журналистер депутаттарға барлық сұрақтарын тек баспасөз орталығында қоятын болады», – деді ол.

Құрылтай өкілі журналистер мен депутаттардың жұмыс істейтін орнын мемлекеттік органның өзі белгілейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мүмкіндік аккредиттеу ережелерінде қарастырылған.

Сонымен қатар ол бұл Құрылтайдың өзі қабылдайтын мемлекеттік орган регламенті екенін және оның талқыланбайтынын мәлімдеді.

Журналистер үшін депутатқа тікелей жүгіну өзекті мәселеге жедел пікір алып, қосымша сұрақтар қоюға мүмкіндік береді. Ал байланысты тек баспасөз орталығы арқылы ұйымдастыру отырыстан кейін депутаттан жедел түсініктеме алу мүмкіндігін шектеуі ықтимал.

PESTEL

Венгрияда 24 жастағы ер адам жеңіл моторлы ұшақты заңсыз айдап кетіп, атом электр станциясына қарай...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сәтбаев қаласының 25 мыңға жуық тұрғыны мен қонағы өңірдің басты кәсіби мерекесі – Кеншілер ме...