Букмекерлік кеңседе екі рет бәс тіккені үшін әкім қызметінен босатылды

Фото: Время

ЖАҢАЛЫҚТАР
399

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылдық округінің әкімі Серікболсын Бали букмекерлік кеңседе екі рет бәс тіккені үшін қызметінен босатылды. Алайда экс-әкім бұл ставкаларды өзі жасамағанын айтып, сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Время сайтына сілтеме жасап. 

2026 жылы 11 наурызда Қарқаралы аудандық прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына қатысты тексеру жүргізген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, прокуратура ұсынысында 2025 жылы 10 тамызда Бақты ауылдық округінің әкімі Серікболсын Балидің атына букмекерлік платформада екі бәс қойылғаны көрсетілген. Оның бірі – 10 мың теңге, екіншісі – 1 мың теңге. 

Ставка сомасы аз болғанымен, мемлекеттік қызметкер үшін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудың өзі заң бұзушылық саналады. 2024 жылы қыркүйектен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға тыйым салынған.

Прокуратура ұсынысынан кейін әкімге қатысты қызметтік тексеру жүргізіліді. Содан кейні материалдар Қарқаралы ауданы әкімінің аппаратындағы тәртіптік комиссияда қаралған. Комиссия оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзды, деген қорытынды жасаған. Осылайша оны 2026 жылы 9 маусымда қызметінен босатқан.

Алайда бұрынғы әкім бұл шешіммен келіспейді. Оның айтуынша, букмекерлік аккаунтты өзі ашпаған және бәс тікпеген.

Бали аккаунтқа тіркелген телефон нөмірі өзіне тиесілі емес екенін айтып, ставкалардың қай құрылғыдан және қай жерден жасалғанын анықтау қажет екенін алға тартқан.

“Ставканы нақты мен жасағанымды дәлелдейтін деректер жоқ. Атап айтқанда, онлайн-платформадағы аккаунт қай нөмірге тіркелгені, бәс тіккен адамның IP-мекенжайы мен геолокациясы тексерілмеген”, – дейді Бали.

Оған қоса, бұрынғы әкім ставкалар үшін оның банк картасынан ақша алынбағанын айтқан. Осылайша, даудың негізі – ставкалардың жасалған-жасалмағанында емес, оларды нақты кімнің жасағанында болып отыр.

Сот барысында букмекерлік компанияның өкілі де пікір білдірген. Ол платформаға тіркелу кезінде пайдаланушының жеке және биометриялық деректері жиналатынын айтқан. Оның сөзінше, тіркеу кезінде верификация барысында алынған сурет азаматтың жеке куәлігіндегі фотомен салыстырылады.

Алайда Бали бұл дерекке де күмән келтірген. Ол биометриялық тексеру 2026 жылы енгізілгенін соттан кейін ғана білген. Ал даулы ставкалар 2025 жылы жасалған. Оған қоса, букмекерлік компания оның верификациядан өткенін растайтын бейнежазбаны ұсына алмаған.

2026 жылы 21 қыркүйекте Қарқаралы аудандық соты мемлекеттік қызметке қойылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеудің бұзылғаны дәлелденді деген қорытындыға келген. Сот Балидің қызметіне қайта алу және мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңі үшін жалақы төлеу туралы талабын қанағаттандырмады.

Қарағанды облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті сот шешіміне заңда белгіленген тәртіппен шағым түсіруге болатынын мәлімдеді. Бұрынғы әкім апелляцияға жүгінетінін айтты.

Бали бір жылдан аса Бақты ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істеген. Айтуынша, оны сайлауға кандидат ретінде ауыл тұрғындары ұсынған. Бұған дейін Қарағандыда мұғалім болып еңбек еткен. Бұрынғы әкім өзінің беделін қалпына келтіруді талап етіп отыр.

“Әділдік талап етемін. Біреу жеке куәлігімді букмекерлік платформаға тіркелу үшін пайдалануы мүмкін деп ойлаймын. Жеке куәлігіміздің көшірмесін түрлі мекемелерге жиі жібереміз. Ал телефон нөмірі мен IP-мекенжай маған тиесілі емес. Қазір цифрландыру заманы. Мұның бәрін анықтауға болады”, – дейді ол. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстандық актриса, продюсер әрі режиссер Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты көпшілік біле бер...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Полиция «Айша» сауда орталығында жаңа бутиктің ашылуы кезінде болған жаппай кептеліске қ...