Жолдау: Тоқаев қалалардың дамуына қатысты маңызды міндеттерді атады

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
100

Мемлекет басшысы ауыл-аймақтарды дамыту, қалалардың экономикалық әлеуетін арттыру және инфрақұрылымды цифрландыру мәселелеріне тоқталды. Президент қалалардың қауіпсіз әрі жайлы болуына басымдық беріп, олардың дамуын маңызды мемлекеттік міндет ретінде қарастыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Президент ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қалалардың экономика, білім және технология салаларындағы рөліне назар аударды.

«Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.

Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.

Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс».

Мемлекет басшысы қалалардың дамуы тұтас өңірдің өркендеуіне ықпал ететінін жеткізді. Оның айтуынша, ірі қалалар экономикалық өсімге, білім мен технологияның дамуына және адами әлеуеттің артуына жол ашады. Сондықтан олардың дамуы нақты жоспарға негізделуі керек.

Президент қалалық инфрақұрылымды басқаруда заманауи технологияларды қолданудың маңызын да атап өтті. Цифрлық шешімдер қала ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік беріп, инфрақұрылымды жоспарлау мен дамытуға көмектеседі.

«Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс».

Бұл тапсырма қалалардың инфрақұрылымын цифрлық форматта бейнелейтін жүйені әзірлеуге қатысты. Мұндай цифрлық сыңар қала нысандары мен инфрақұрылымы туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіріп, ресурстарды басқару мен даму үдерістерін жоспарлауды жетілдіруге бағытталады.

Мемлекет басшысы қалалардың қауіпсіздігіне, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қоршаған ортаның тазалығына да ерекше мән берді. Бұл бағыттағы жұмысты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасымен байланыстырып, оны мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет ретінде қарастыруға шақырды.

«Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.

Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады».

Президенттің айтуынша, қалалардың дамуы тек олардың сыртқы келбетін жақсартумен шектелмейді. Қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру өңір экономикасының өркендеуіне және тұрғындардың мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, қалаларды дамыту елдің жалпы экономикалық және әлеуметтік әлеуетін нығайтудың маңызды бөлігі саналады.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ жаңа тех...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөліне тоқталып,...