Алматы қаласында Қыз Жібек көшесі, 25 мекенжайдағы таулы жерде заңсыз салынған құрылысты сүру бастал...
«Бұрын да полиция шақырған»: Астанадағы ерлі-зайыптының өліміне қатысты көршілер тың дерек айтты
ашық дереккөз
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде отбасылық жанжал қайғылы жағдайға ұласты. 55 жастағы ер адам 53 жастағы әйеліне пышақ жарақатын салып, кейін өзіне де жарақат келтірген. Салдарынан ерлі-зайыпты оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz .
Полицияның мәліметінше, оқиға ерлі-зайыпты арасындағы жанжал кезінде болған. Қайғылы жағдай орын алған пәтерге мөр басылып, құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Көршілердің айтуынша, сол түні шамамен сағат 22:30-да пәтерден айғай естілген. Әйел көмек сұрап, подъезге бірнеше рет шыққан болуы мүмкін.
«Шамамен кешкі сағат 22:30-да айғай естілді. Үш минуттай созылып, кейін басылды. Менің түсінуімше, әйел екі рет подъезге жүгіріп шыққан. Мүмкін, қашып шыққысы келген болар, нақты білмеймін. Кейін жедел жәрдем мен полиция келді. Сол кезде бір жағдай болғанын түсіндік», – дейді көршілердің бірі.
Тұрғындардың сөзінше, әйелдің көмек сұраған дауысынан кейін ер адамның «Мен не істеп қойдым?» деген айғайы естілген. Содан соң пәтер іші тынышталған.
Ал осы үйдің жетінші қабатында тұратын Бақжамал Кешірбаева ерлі-зайыптының арасындағы жанжал бұған дейін де болғанын айтты.
«Бұл үйде жанжалдар болып тұратын. Былтыр жиі еститінбіз. МИБ өкілімен бірге барып, ескерту жасағанбыз. "Ересек адамдарсыздар ғой, тоқтатыңыздар" деп айттық. Ер адамның ішімдік ішетіні белгілі болды. Сол кезде әйелі полиция шақырып, оны екі тәулікке қамаған екен. Қайтып келген соң тағы жанжал шығарған болуы мүмкін», – деді көршісі.
Астана қаласы Полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Эльмира Шәуленова оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
«Ерлі-зайыпты арасындағы жанжал кезінде ер адамның әйеліне пышақ жарақатын салғаны, содан кейін өзіне де пышақ жарақатын келтіргені анықталды. Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында көз жұмды», – деді полиция өкілі.
Қайғылы оқиға кезінде ерлі-зайыптының 14 жастағы ұлы да пәтерде болған.
Белгілі болғандай, марқұмдардың артында бес баласы қалды. Олардың төртеуі кәмелет жасына толған. Ал кенже ұлы қазір аға-әпкелерінің қамқорлығында. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Қазіргі уақытта полиция қылмыстық істі тергеп, оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтауда.