«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов еліміздегі жолаушылар вагоны қаш...
Димаш Құдайбергеннің отбасы қуанышты жаңалық жариялады
ашық дереккөз
Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева отбасындағы қуанышты жаңалығын бөлісті. Ол Instagram парақшасында ұлы Мансұрдың Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін аяқтағанын жазды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы dalanews.kz жазды. Света Айтбаеваның сөзінше, Мансұрдың бұл жетістігіне бүкіл отбасы қуанып жатыр. Ол ұлына ақ тілегін арнап, өз ісінің шебері болуын тіледі.
"Мансұртайым Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін аяқтап, бәріміз қуанып жатырмыз. Құтты болсын, ботақаным! Өз ісіңнің шебері бол", – деп жазды ол.
Сондай-ақ әншінің анасы Мансұрдың осы күнге дейін Димаштың жанында жүріп, әлемдік сахналарда өнер көрсеткенін, түрлі шеберлік сабақтарынан өткенін атап өтті. Оның айтуынша, Мансұр мықты музыканттармен бірлесе жұмыс істеп, алғашқы туындыларын жазып, бірнеше музыкалық аспапты меңгерген.
Света Айтбаева ұлына білім беріп, өнер жолында бағыт көрсеткен ұстаздарына да алғыс білдірді. Ол гитараны шебер меңгерткен Әліби Юсуфұлына, Павел Александровичке және кураторы Раушан Рахембайқызына ризашылығын жеткізді.
"Бақытты бол, ең бастысы ғұмырлы бол, ботам", – деп түйіндеді Света Айтбаева.
Айта кетейік, Мансұр Құдайберген – Димаш Құдайбергеннің інісі. Ол бала кезінен музыкаға жақын болып, шығармашылық ортада өсіп келеді. Мансұр ағасы Димаштың бірқатар концерттері мен сапарларында жанынан табылып, сахна мәдениетін ерте көрген. Жас музыкант бірнеше аспапты меңгеріп, өз туындыларын жазуға да қадам басқан. Желі қолданушылары оның өнердегі алғашқы жетістіктеріне жылы лебіз білдіріп, болашағына сәттілік тіледі.