«ЭЦҚ арқылы»: Қызылордада 2001 жылы қайтыс болған адам 2023 жылы емханаға қайта тіркелген

тредс әлеуметтік желісінен

ЖАҢАЛЫҚТАР
145

Әлеуметтік желіде Қызылордадағы жекеменшік медициналық ұйымға қатысты тосын жағдай айтылды. Threads қолданушысы 2001 жылы қайтыс болған әкесінің деректері 2023 жылдан бастап емханаға тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлады  MadeniPortal.kz.

Бұл туралы Malim.kz жазды.  Жазба авторының айтуынша, деректерді тексеру кезінде әкесінің аты Қызылорда қаласындағы «ДостарМедLine» жекеменшік клиникасына тіркелгенін анықтаған.

«2001 жылы қайтыс болған әкем 2023 жылдан бері емханада “тіркеуде” тұр. Жуырда тексерсем, Қызылорда қаласындағы “ДостарМедLine” жекеменшік клиникасы әкемнің атына ашылған ЖСН-ді тауып алып, оны 2023 жылдан бастап өз емханаларына заңсыз тіркеп қойған», – деп жазды ол. 

Автор клиникаға хабарласқанын, сол кезде оған тіркеу еркін тіркелу науқаны кезінде жүргізілгені айтылғанын жеткізді. Сондай-ақ оның сөзінше, клиника өкілдері марқұмның 2023 жылы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркелгенін мәлімдеген. Осыған байланысты ол 2001 жылы өмірден өткен адамның 2023 жылы ЭЦҚ арқылы қалай тіркелуі мүмкін деген сауал көтерді. 

Жазба авторы құзырлы органдардан жағдайды тексеріп, әкесінің атына ЭЦҚ кілті кімнің тарапынан және қандай құрылғыдан рәсімделгенін анықтауды сұраған.

Әзірге әлеуметтік желіде айтылған мәліметтерге қатысты клиника мен жауапты мемлекеттік органдардың ресми түсініктемесі жарияланғаны туралы ақпарат жоқ.