Өзбекстаннан Қазақстанға 15 жүк көлік гуманитарлық көмек келді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігі...
Жасанды интеллект Амедео Модильянидің құпиясын ашты
Эрих Мария Ремарк "Махаббат оқиғасынан кейін әйелдерге ақыл кіреді, ал ерлер толықтай ақылын жоғалтады" дейді. Біз Беатрис Хастингке қаншалықты ақыл кіргенін білмесек те, Модильянидің сол жылдары бар ақылын тәрк еткенін там-тұмдап болжай алатын секілдіміз. Махаббаттан басы айналып жүрген шағында суретші Модильяни өзінің сүйіктісі Гастингстің портретін салады. Бірақ қос кейіпкердің арасындағы махаббат көкке ұшқан уағында Хастингсті ұмыту үшін портреттің үстіне басқа әйелдің кейпін бейнелейді. Дегенмен осы әрекетінен кейін Модильяни Хастингті ұмытты ма? Көзі қарақты оқырман Модильянидің ғашықтары жайлы бір сәтке ойлана қалып "ұмытқан шығар" деп ойлауы бек мүмкін. Әрине, бізге бұл жайлы білу һәм оны ойлау әсте пайда алып келмейді-пу шамасы. Сол үшін әңгіменің ауанын жасанды интеллектке бұрсақ. Біздің "темір достарымыз" жаңағы Модильянидің картина астына жасырған Хастингтің портретін күні кеше жарыққа шығарды.
Итальяндық суретші Амедео Модильянидің 1917 жылғы «Қыздың портреті» картинасының астында оның бұрынғы сүйіктісі, британдық жазушы Беатрис Хастингстің портреті болып шықты. Бұрын кескіндемеде жасалған, бірақ оған салынған фигурамен жасырылған портретті алғаш рет Лондондағы Tate өнер орталығы 2018 жылы тапқан. Рентген сәулелері фигураның контурын анықтаған кезде, Нэнси Ирезон Модильяни 1916 жылы Хастингспен екі жылдық қарым-қатынасы аяқталғаннан кейін портретті басқа картинамен жапқан болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Осы бір мәлімдеме аясында британдық сарапшылар Энтони Бурач және Джордж Канн да жасанды интеллект көмегімен Модильяни өз картинасында жасырған Гастингстің портретін ашты. Басқаша айтқанда, жасанды интеллект портретті қайта бояды.
Бурач және Канн өздерінің алғашқы жұмыстарына көңілі толмаған суретшілердің кенептеріндегі жасырын бейнелерді табу үшін жасанды интеллектпен жұмыс жасауды жалғастыратындықтарын айтты. "Жасанды интеллект суретшінің туындыларынан түпнұсқа картиналардағы түс пен бояуды көбейтуді үйрене алады", - деді Бурач.
Сонымен қатар, жасанды интеллектпен боялған Хастингстің портреті Лондондағы Лебенсон галереясында 25 маусымға дейін қойылатыны айтылды. Хастингтің келбеті бейнеленген Модильянидің "жаңа" картинасын көру үшін Лондонға жолыңыз түсіп жатса, галерея маңында біздің осы бір сүйінші хабарымызды есіңізге аларсыз деген үміттеміз, құрметті оқырман...