Пандемия және коронавирустық инфекцияға байланысты Павлодар облысының барлық мәдениет мекемелері қаш...
8 ай ғарышта болған халықаралық экипаж Қазақстан аумағына қонды
Фото: видеодан скриншот
8 ай ғарышта болған "Союз МС-28" халықаралық экипаж Қазақстанға, Байқоңырға келіп қонды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Роскосмос пен NASA экипажы Халықаралық ғарыш станциясындағы (ХҒС) 241 күндік экспедициясын аяқтап, Жерге оралды. "Союз МС-28" кемесі Байқоңырдан ұшып, 2025 жылдың 27 қарашасында ғарышкерлерді станцияға жеткізген болатын.
Экспедиция барысында экипаж мүшелері Жерді 3856 рет айналып, 164 миллион шақырымнан астам қашықтықты еңсерді.
Ғарышкерлердің Жерге оралуы Астана уақытымен сағат 12:03-те басталды. "Союз МС-28" кемесі Халықаралық ғарыш станциясының "Рассвет" модулінен ажырап, орбиталық кешеннен алыстады. Сағат 14:32-де кеме тежелу қозғалтқышын іске қосып, атмосфераға қарай бағыт алды.
Атмосфераға кірер алдында кеме үш бөлікке бөлінді. Орбиталық және аспаптық-жабдықтық бөліктері төмендеу кезінде жанып кетті. Ал экипаж қонуға арналған арнайы капсулада ұшуын жалғастырды.
Капсуланың жылдамдығын алдымен атмосфера кедергісі азайтты. Кейін жылудан қорғайтын экран оны жоғары температурадан сақтады. Соңғы кезеңде негізгі парашют ашылып, жұмсақ қону қозғалтқыштары іске қосылды.
Сағат 15:27-де қону аппараты Қазақстан аумағына, Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 147 шақырым жерде сәтті қонды. Қайту барысының барлық кезеңі штаттық режимде өтіп, экипаж мүшелерінің жағдайы жақсы деп бағаланды. Ғарышкерлерді қону орнында іздеу-құтқару қызметтері қарсы алды.
Жерге кеме командирі Сергей Кудь-Сверчков, ғарышкер Сергей Микаев және NASA астронавты Кристофер Уилльямс оралды. Микаев пен Уилльямс үшін бұл алғашқы ғарыш сапары болса, Кудь-Сверчков екінші рет ғарышқа ұшты. Айта кетейік, экипаж командирі қазіргі Байқоңыр қаласында дүниеге келген.
Экспедиция кезінде ғарышкерлер тек станция ішінде жұмыс істеп қана қоймай, ашық ғарышқа да шықты. Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев алты сағаттан астам уақыт ашық кеңістікте болып, "Звезда" модуліне ғылыми жабдық орнатты. Ал Кристофер Уилльямс екі рет ашық ғарышқа шығып, ХҒС-ты жаңа күн панельдерін орнатуға дайындауға және роботтандырылған манипуляторды жөндеуге қатысты.
Жерге оралмас бұрын Сергей Кудь-Сверчков ХҒС-тың Ресей сегментіндегі командалық міндетін Петр Дубровқа тапсырды. Ол 14 шілдеде Анна Кикина және Анил Менонмен бірге "Союз МС-29" кемесімен станцияға келген.
Алғашқы медициналық тексеруден кейін экипаж мүшелері тікұшақпен Қарағандыға жеткізіледі. Кейін Кристофер Уилльямс Хьюстондағы Джонсон атындағы ғарыш орталығына, ал Сергей Кудь-Сверчков мен Сергей Микаев Жұлдызды қалаға (Звездный городок) аттанады.