Бүгін Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев...
Елордада балалар сурет байқауының жүлдегерлері марапатталды
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығында «Әлем және руханият менің көзіммен» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау Нұр-сұлтан қаласы білім басқармасы мен елордалық суретшілер одағының қолдауымен «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ байқаудың ұйымдастырылуына орталықтың серіктестері болып табылатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Рим – Католик шіркеуі, Шығыс Еуропа аймағындағы Иса Мәсіхтің Соңғы замандағы Әулиелер Шіркеуі, елордалық суретшілер одағы, сондай-ақ «Kazdream Technologies» компаниясы демеушілік көмек көрсетті.
Нұр-сұлтан қаласындағы 28 мектептен 7-16 жас аралығындағы 78 қатысушы қатысып, 83 жұмыс келіп түсті.
«Жаңа Қазақстан «Рухани Эвересттің» шыңдарын бағындырмақ. Бүгін Қазақстан әлемге қарапайым жолмен, келісімде, жанжалсыз өмір сүруге және диалог процесінде қайшылықтарды шешуге болатынын көрсетіп отыр. Ос ретте көпконфессиялықты сақтай отырып, бірлікке қол жеткізу маңызды. Байқаудың барлық қатысушыларын келе жатқан Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С.Егізбаев.
Сондай-ақ іс-шараға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Е.Оңғаров, Нұр-сұлтан қаласындағы Мария Архиепархиясының Архиепископ-митрополиті Т. Пэта, Қазақстандағы Евангелиялық-лютерандық шіркеудің Архиепископы Ю.Новгородов сондай-ақ БАҚ өкілдері мен елордалық мектептердің оқушылары, ата-аналары және оқытушылары қатысты.
«Пандемиядан кейін алғаш рет Бейбітшілік және келісім сарайы балалардың, олардың ата-аналары мен тәлімгерлерінің қуанышына, күлкісіне толғанына қуаныштымын. Бұл іс-шара Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеялары балалар жүрегінде өз әсерін қалдырды деп ойлаймын. Бүгін мұнда ұсынылған суреттер топтамасы балалардың руханият пен толеранттылыққа деген көзқарасы конфессияаралық және этносаралық келісімнің бірегейлігін тағы бір рет көрсететінін дәлелдеді. Жас суретшілердің туындылары көпшілікті жаңа шығармашылық жетістіктерге шабыттандыратынына сенімдімін», - деді Орталықтың Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев.
Байқау қорытындысы бойынша жас ерекшелігіне қарай бөлінген екі топтан бірінші орынды Ермек Нұралы. Бейсембаева Ажар, екінші орынды Жомарт Сая Қуанышқызы, Джабраилова Амина ал үшінші орынды Биманова Дильназ бен Зинекен Жаннұр иеленді. Қазылар алқасы оқушылардың үздік жұмыстарын анықтап, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал жетекшілеріне естелік сертификаттар табыстады.
Айта кету керек, ү.ж. 14-15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі барысында аталмыш байқауға келіп түскен суреттерден арнайы көрме өткізу жоспарланған.