29 маусым сағат 19.00-де «Қазақстан» ОКЗ Камералық залында Қазақстан Республикасының Мәд...
«Ең қымбат қонақ үйде тұрып, ең қымбат ресторанда ауқаттанады»: Журналист қазақ футболшыларын сынады
коллаж: madeniportal.kz
Танымал журналист Аслан Қаженов қазақ футболы жайлы өткір пікір айтты, деп хабарладыMADENIPORTAL.KZ .
Аслан Қаженов елімізде футболшыларға тым көп көңіл бөлінетін айтты. Бірақ олардың жағдайын жасағанмен, нәтижесі әлі де төмен екенін де жасырмады.
«Жұмысшылар мен студенттерді жеңгенге мәзбіз. Лихтенштейн құрамасын айтамын. Әлемдік рейтингте 204-ші тұрған командада 4-ақ кәсіпқой футболшы бар. Қалғандарын сол күні Қазақстанмен ойнаймыз деп шақырып алды. Енді соларды ұтқанымызы жаңалық қылып, бөркімізді аспанға атсақ, біткен жеріміз ғой. Ойынның барысы туралы небір сарапта жасалып жатыр. Көбімен келісемін. Ал, мен айналасында болып жатқан дүниелерді айтқым келеді және нәтижеге келгенде осы дүниелер шешуші рөлді атқарады. Біріншісі – тоқшылық.
Басқа спорт түрлерімен салыстырғанда біздің футболшылардың жағдайы өте керемет. Матчтарға чартерлік рейспен ұшады. Бір ойыншы үш орындыққа жайғасады. (Әрқайсысы аяғын созып отыруы керек) Ең қымбат қонақ үйге орналасады. Ең қымбат мейрамханада тамақтанады. Бәрі ең, ең, ең ғой. Тіпті, ұлттық құраманың өз грузчиктері бар. Яғни, олар жүгін де көтермейді. Арнайы жалдаған адамдар қонақ үйіне жеткізіп береді. Жаттығу алаңына апарып бері. Киім ауыстыратын бөлмесін дайындап береді. Барлығы-барлығы қарастырылған. Тек қана ойнау қалып тұр ғой. Бірақ, оны да қатырмайды.
Бұның барлығын тізбелеп отырған себебім, басқа спорттарда ондай еркелік жоқ. Мәселен, футболға жақыны хоккей делік. Бірақ, хоккейшілер көпшілікпен бірге эконом класста ұшады. Жүгін өздері көтереді. Жарасын өздері қасиды. Десе де, олар футболшыларға қарағанда әлдеқайда жоғары нәтиже тіркейді. Әлем чемпионатының элиталы дивизионында ойнайды. Азия деңгейінде қарсылас шақ келтірмейді. Ал, енді бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ өкілдерін мүлде айтпай-ақ қояйын. Олар бүкіл әлемді мойындатып, ел абыройын асқақтатып жүргенімен, жағдайлары салыстыруға да келмейді», - дейді журналист.
Журналисттің сөзінше, спортшылардың бойында еліне деген сүйіспеншілік жоқ.
«Екінші фактор – ұлттық мүдде. Ұлттық құрамада ұлттық мүдде жоқ. Кеше әнұран орындап тұрғаннан-ақ байқауға болады. Ешқайсысының көзінен тебіреніс көрмедім. Тіпті, ауызын жыбырлатудың өзі мұң. Жігіттер, естеріңде болсын. Басқа спорт түрлерінде әнұран орындалғанда спортшыларымыз еңіреп тұрып жылайды. Ол - еліңе деген махаббат. Отаныңа деген сүйіспеншілік. Еуропа төрінде сенің әнұраның орындалды, сенің туың көтерілді. Жүрегіңмен соны сезе білуің керек. Ал, сендер еріндеріңді қозғауға ерініп, шікірейіп тұрсыңдар. Тағы бір кедергі - команда бір тілде сөйлемейді, бір тілде ойламайды. Қазақ тілділер бөлек жүретінін, орыс тілділер бөлек жүрітінін байқап отырмын. Бұрын да солай болған. Сәйкесінше, ортақ мүдде, оның арғы жағында командалық ойын болмайды.
Үшінші фактор – ауызбіршілік жоқ. Ұлттық құрама төңірегінде алып-қашпа әңгіме көп. Әркім өзімен-өзі іріп жүр. Кеше Асхат Тағыбергеннің басына күн туғанда қорғай алмадыңдар. Тіпті, оны запасқа тығып тындыңдар. Хотя тәжірибелі ойыншы ретінде құрмет ерекше болу керек еді. Жаңадан келген Дастан Сәтпаевты да бауырым деп жандарыңа тарып, білген-түйгенмен бөлісіп жатқан жоқсыңдар. Тіпті, алаңда пасты да қимайсыңдар. Әйтеуір, түбі оның да деңгейі төмендеп, құрып кетпесе болғаны. Айта берсе көп. Бірақ, менің ойымша, ең алдымен осы нәселерді ескеру керек. Тоқмейілсіп қалуды тоқтатып, ұлттық мүддені жоғары қойып, ауызбіршілік болғанда ғана, нәтиже де болады. Әйтпесе, барлығы далбаса...», - деді Аслан Қаженов.