Нобель сыйлығының иегері, Түркиялық жазушы Орхан Памуктың бес жыл бойы жазылып келген "Оба түнд...
Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды. Талқылауға жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады, деп хабарлайды madeniportal.kz.
Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасы энергетика саласын реттеуге, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объектілерді дамытуға және осы салаға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Осыған байланысты Кәсіпкерлік кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексіне және «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңдарға түзетулер ұсынылады.
Бірінші оқылымда депутаттар Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасын қарайтын болады. Құжат Мемлекет Басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге мұқият саралау жүргізу туралы берген тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.
Заң жобасын қабылдау азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге, пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарының сақталуын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Әкімшілік әділет саласын жетілдіру және қолдану аясын кеңейту мәселелері бойынша Үкіметтің түзетулері қаралады.
Азаматтық-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық іс жүргізу Кодексінен әкімшілік әділет деңгейіне ауыстыру туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады. Мәжіліс Өзбекстан Үкіметімен экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі