Мысырдың Шарм-эль-Шейх әуежайында жолаушылардың үстіне жарнамалық тақта құлады. Оқиға салдарынан Қаз...
Ескі үйде тұрған 200-ден астам алматылық жаңа пәтер кілтін алды
Фото: Алматы қалалық әкімдігі
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда 220 ескі тұрғын үй иесі жаңа жайлы пәтерге көшті, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ el.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық әкімдік мәліметінше, қоныс аудару жұмыстарын Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы» ӘКК еншілес ұйымы «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС және инвесторлар «Алматы қаласының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы-2030» аясында жүзеге асырып отыр.
Алматылықтар жаңа баспананы «бөлме орнына бөлме» қағидаты бойынша немесе бұрынғы тұрғын үйінің нарықтық құнына сәйкес өтемақы алу арқылы иеленді. Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтер таза әрлеумен беріледі. Онда интернет жүргізіліп, өртке қарсы дабыл жүйесі, сантехника, фаянс, газ немесе электр плитасы орнатылған, - делінген мәліметте.
Аталған кезеңде ең көп тұрғын Түрксіб ауданында – 99 адам, Алмалы ауданында – 57, Жетісу ауданында – 32, Әуезов ауданында – 20, Бостандық ауданында – 7, Алатау ауданында – 3 және Медеу ауданында – 2 адам жаңа пәтерге қоныстанды.
Бағдарламаға сәйкес, көшіру және ғимараттарды сүру жұмыстары барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүргізіледі. Ерекше күтімді қажет ететін адамдар үшін бірінші қабаттағы немесе жеделсаты, пандус және кедергісіз қолжетімділігі бар үйлерден пәтер қарастырылған. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әсіресе каркас-қамысты үйлер мен тектоникалық жарық аймағында орналасқан ғимараттарды сүруге ерекше көңіл бөлінеді.
Берілген баспанаға көшуден бас тартқан жағдайда тұрғындар ескі үйде тұра береді, бірақ ықтимал қауіп-қатерге өзі жауапты болады.
Биыл жыл соңына дейін «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» мен инвесторлардың күшімен тағы 600-ден астам адамды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жаңарту бағдарламасы кешенді тәсілге негізделген. Тұрғын үй ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындарының өмір салты өзгереді: жайлы орта қалыптасып, жаңа қоғамдық кеңістіктер, жұмыс орындары мен қызметтер пайда болады. Сонымен қатар, Алматының сәулеттік келбеті жаңарады. 2030 жылға дейін қаладағы ескі үйлердің санын 1 366-дан 690-ға дейін азайтып, шамамен 7 500 меншік иесін заманауи пәтерге көшіру жоспарланып отыр, - деді «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Құрманов.