Францияда полиция адамдарға шабуыл жасаған ер адамды атып өлтірді

Ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
591

Францияның Марсель қаласында ер адам көшедегі адамдарға пышақпен шабуыл жасады. Оқиға 2 қыркүйекте қала орталығында, тарихи Ескі порт маңында болған, деп хабарлайды Мadeniportal.kz

Le Parisien басылымының хабарлауынша, шабуыл кезінде бес адам жарақат алды, олардың біреуі ауыр халде жатыр. Прокурор Николя Бессонның айтуынша, шабуылдаушы оқиға орнында полицейлердің қолынан қаза тапқан.

Тексеру барысында оның Тунис азаматы екені анықталды. Ол Францияда заңды түрде тұрғанымен, жалға алған қонақүй бөлмесінің ақысын төлемегені үшін панасыз қалған. Алайда ол қайта келіп, бұрынғы бөлме көршісіне пышақ сұғып, кейін қонақүй менеджері мен оның ұлына шабуыл жасаған.

Кейін күдікті жақын маңдағы асханада отырған адамдарға да тап берген. Дәмхана қонақтары мен қызметкерлері оны қуып шыққанымен, ол көшеде өтіп бара жатқан адамдарға темір таяқпен соққы жасап, тағы бірнеше адамды жаралаған.

Полиция келгенде тәртіп сақшылары қаскөйден қаруын тастауды талап еткен. Бірақ ол қарсылық көрсетіп, шабуыл жасауға тырысқандықтан, полицейлер электрошокер қолданып, соңында атыс қаруын пайдалануға мәжбүр болды.

Жалпы қақтығыс шамамен жарты сағатқа созылған. Ең ауыр жарақат алған — күдіктінің бұрынғы бөлме көршісі. Қонақүй менеджері мен оның ұлы ауруханаға жеткізілді, олардың өміріне қауіп жоқ. Полиция бұл оқиғаны теракт ретінде қарастырмай отыр.