Германияда қазақстандық суретшілердің арт резиденциясы өтіп жатыр

Жаңалықтар
414

Берлинде казақстандық суретшілер неміс әріптестерімен тәжірибе алмасып жатыр.  

Бұл жоба «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Немістің қылқалам шеберлері суретшілерімізге шеберлік сағатын өткізіп, отандық тың туындыларымен танысып жатыр. Берлин – әлемдік заманауи өнер орталығы. Оны кейде суретшілер қаласы деп атайды. Мұнда жүздеген галерея мен арт студиялар, музейлер тоғысқан. Қазақстандық қылқалам шеберлері 6 аптадан бері осынау саф өнер ордасында бас қосып, біліктілігін шыңдап жүр. Белгілі неміс суретшілерінен үйренер дүние көп. Жерлестеріміз жаңа техниканың қыр-сырына қанығуда. Бірақ басты мақсат – Қазақстанның сурет өнерін шетелдіктерге паш ету. Ықылас Шайхиев, суретші:

 - Берлиндіктер өнер десе алдына жан салмайды. Мұнда күн сайын түрлі көрмелер өтіп тұрады. Суретшілер үшін әр деталь маңызды. Бұл маған да сабақ болды. 

Лилия Ким өзінің туындылары жайлы айтып жатыр. Берлиндегі аз күнде суретшілер біраз картиналарды салып үлгерді. Оларды Еуропа пейзажы шабыттандырғандай. Дегенмен жерлесіміз өз еңбегіне Қазақстанды арқау еткен. Оның туындыларында қазақ даласы, киіз үйлер мен ана бейнесі көрініс табады. 

Лилия Ким, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

 - Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жаңа көзқарас, жаңаша ойлау. Қазақстаннан қашықта болсақ та, сонда алған біліміміз бен игергеніміз өте бағалы екенін ұқтым. Ол өте құнды ілім. Бүгінде біздің білгеніміз Берлинде сұранысқа ие екенін түсіну үлкен бақыт. 

Бейбіт Әсемқұлдың суреттері де көз тартады. Үш туынды дайын тұр. Қазір автор төртіншісіне кіріскен. Оның еңбектерінде терең мағына бар. Бұл жай ғана ақ мата емес – алып ту. Автор осы туындысы арқылы әлемде бейбітшілік болсын деген тілегін жеткізген. 

Бейбіт Әсемқұл, суретші:

 - Егер тарихқа жүгінетен болсақ. Қазақстаннан ІІ дүниежүзілік соғысқа 1 млн 366 мың адам шақыртылған екен. Соның 410 мыңы қайтпаған. Демек мен үлкен кенепті алдымда, 7,2 метр, соған үлкен етіп сандарды жазып, жабыстырып, қарамен бояп, кейін Қазақстаннан алып келген арнайы қамшыны алып келдім. Қылқаламның орнына қамшыны қолданып жатырмын. 

Арт резиденцияға 8 қазақ суретшісі қатысып жатыр. Олардың жұмыстары қыркүйек айында үлкен көрмеде неміс көрермендерінің назарына ұсынылады. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Шолпан Найманбаева


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...