ГОЛОВКИН ТУРАЛЫ 37 ДЕРЕК

Жаңалықтар
5942

Санаулы сағаттан соң орта салмақта WBA, IBF, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің кәсіпқой бокстағы 38-ші жекпе-жегі өтеді. 37 кездесу өткізіп, бірде-бірінде жеңілмеген боксшының айтулы жекпе-жегі қарсаңында Головкин өмірі мен спорттық карьерасынан қызықты 37 факт ұсынамыз!


  • 1. Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1990-шы жылдары қауіпті аудан саналған Майқұдықта туып-өсті. 
  • 2. Геннадийдің әкесі шахтада отыз жылдан астам кенші болып жұмыс істеп, «Құрметті кенші» атағын алған. 2014 жылы ақпан айында 69 жасында жүрегі тоқтап қайтыс болды. Ал анасы Елизавета Сергеевна химиялық лабораторияда ұзақ жылдар лаборант болып еңбек еткен. 
  • 3. Геннадий қазақ екенін айтады. 2013 жылы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөз берілген кезде Головкин: «Сыртта жүргенде үнемі ұлтың кім деп сұрап жатады. Сонда былай жауап беремін: «Әкем – орыс, анам – кәріс, ал мен – қазақпын!» деп көпшіліктің жүрегін елжіреткен еді. 
  • 4. Геннадийдің егізі бар. Інісі Максим ағасынан 15 минут кеш туған. Ол да бауырымен бірге бокспен айналысқан. 
  • 5. Геннадий мен Максим – отбасыдағы кенже балалар. Олардың алдында Сергей және Вадим атты ағалары болған. Екеуі де әскерде борыштарын өтеп жүргенде белгісіз себептермен қаза тапқан: Сергей 1990 жылы, ал Вадим 1994 жылы. «Бұл өте қиын тиді, тым қиын. Бұл отбасымыз үшін ауыр қаза» деген болатын Гена 2013 жылы Sport Illustrated-ке берген сұхбатында. 
  • 6. Гена бала кезінде Қарағандының бір шетінде орналасқан №65 мектепте білім алды. Бір қызығы, сыныбында биомедицинаны тереңдетіп окытқан. 
  • 7. Бокс залына алғаш 10 жасында барған Головкинді Виктор Дмитриев атты бапкер жаттықтырды. Оның айтуынша, алғашқы екі-үш жыл Гена мен Максимды рингке шығармай, футбол, баскетбол, т.б ойындар ойнатқан. 
  • 8. Алғашқы бапкері Виктор Дмитриев Геннадийді Гендос деп атаған. Головкинмен бір топта 100-ден аса бала жаттыққан. Генадан «Неліктен боксты таңдадың?» деп сұрағанда, «Мен енді Майқұдықтанмын» ғой деп әзілдеп, артынан: «Негізі Қарағандының бокс мектебі өте мықты. Әлемге әйгілі талай былғары қолғап шеберлерін дайындап шығарды. Оның үстіне ағаларым да спортқа жақын болды. Сондықтан мен де Қазақстандағы ең танымал спортты таңдадым. Бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін», – деп жауап берген. 
  • 9. Головкиннің екінші сүйікті спорты – футбол. Ол бала кезінде не боксшы, не футболшы, болмаса өрт сөндіруші болуды армандаған. Ол сонымен бірге «Шахтер» стадионындағы футбол секциясына барған. Головкин бала кезінде Грей атты неміс овчаркасын ұстаған. 
  • 10. Максим жасөспірім шағында жақсы бокстасты. Ағайынды екеуі бір салмақта еді, бірақ ешқашан бір-бірімен төбелеспеді. Ол Қазақстанның чемпионы атанды, тіпті Афинада өтетін Олимпиадаға баратын мүмкіндігі болды. Бірақ Геннадиймен бокстасудан бас тартып, ағасына жол берді. 2004 жылғы Олимпиадаға іріктеу кезінде Максим спорттан кетті. Қазір бокстан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, GGG командасыда. 
  • 11. Ең маңызды ақыл-кеңесті Генаға ағалары айтқан. Бұл туралы Геннадий Sport Illustrated-ке берген сұхбатында: «Егер біреу сенікін тартып алғысы келсе, қарсыласып бақ немесе жауап беруден қорықпа», – деген болатын. 
  • 12. Геннадий Головкин Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетін тәмамдаған. 
  • 13. Әуесқой бокста Головкин 350 жекпе-жек өткізіп оның 345-інде жеңіске жеткен. Ешқашан нокаутқа түспеген. 
  • 14. 2003 жылы Бангкокте өткен әлем чемпионатында алтын медальға ие болды. Ол бірінші ресейлік Матвей Коробовты, содан соң атақты ирландық Энди Лиді жеңді. Келесі жекпе-жегінде румын Лучиан Бутенді нокаутпен тізе бүктірді, жартылай финалда кубалық Йордания Деспагнонды жеңсе, финалда украиналық Алексей Машкинді нокаутқа түсіріп, әлем чемпионы атанды. 
  • 15. Афинада өтетін Олимпиадаға Головкин 69 келіге дейінгі салмақта қатысуы керек болған, бірақ Бақтияр Артаевқа өз орнын беріп, 72 келіге дейінгі салмаққа ауысты. Осылайша Қазақстанның жаңа олимпиада чемпионы пайда болып, Генаның өзі осы жазғы ойындарда күмісті еншіледі. Финалда Головкин ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен ұпай саны бойынша ұтылды. Дегенмен қазірге дейін бұл жекпе-жектің әділ өтпегені туралы пікірлер айтылып келеді. Бір қызығы, Головкин 1997 жылы республикалық турнирде Бақтияр Артаевтан басым түскен. 
  • 16. 1999-2004 жылдар аралығында Гена әуесқой бокста өткізген бір де бір жекпе-жегінде ұтылып көрмеген. Бірақ Афинада өткен Олимп ойындарында 75 келіде сынға түскен отандасымыз финалда ресейлік Гайдарбек Гайдарбековке жол беріп, олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Ол бір сұхбатында «Тағдыр солай деп тұрса осылай болуы тиіс. Мен үшін барлығы енді ғана басталады», – деген болатын. 
  • 17. Головкин әуесқой бокспен 2005 жылы қош айтысты. Алғашқы бапкері Виктор Дмитриев бір сұхбатында әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған соң Генаны стипендиядан айырғанын айтады. «Олимпиада жүлдегерін, құрама лидерін айлықсыз қалдыру дегенді ойлап көріңізші! Генаның елден кетіп, кәсіпқой боксқа өтуін әркім әрқалай қабылдады, бірі сатқын десе, бірі қашқын деді. Енді бірі қолдап, ситуациядан шығудың дұрыс жолы деді», – деп айтқан болатын Виктор Дмитриев. Сонымен бірге осы әлем чемпионатында египеттік Мохаммеда Хикаладан орынсыз жеңілгені туралы Sport Illustrated-ке берген сұхбатында «Бұл әлем чемпионатында жеңіске қисынсыз жеткен боксшылар көп болды. Бұл дұрыс емес», – деген еді. Сөйтіп ол Universum атты неміс промоутерлік компаниясымен бірнеше айға созылған келіссөздерден соң келісім-шартқа отырды. Арадағы дау-дамайдан соң 2010 жылы бұл компанияны сотта жеңіп шығып, АҚШ-қа көшті. АҚШ-та жеке командасын жинап өзі үшін жұмыс істейтін болды. 
  • 18. Головкин 2006 жылы кәсіпқой бокста орта салмақ дәрежесінде (72 келіге дейінгі) дебют жасады. Габор Болаг Головкиннің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы. Ол 1998-2014 жылдар аралығында кәсіпқой бокс шаршы алаңында 120 кездесу өткізіп, оның 112-сінде жеңілген (40 нокаутпен). Бес рет қарсыласымен тең түсіп, үшеуінде жеңіске жеткен. 2006 жылы 6 мамырда өткен бір минуттан аса уақытқа созылған жекпе-жекте Гена венгриялық Габор Болагты нокаутпен жеңіп, қарсыласы жарақаттардан жарты жылдан кейін ғана жазылған. 
  • 19. Головкин Абель Санчестен бұрын екі ай Фредди Роучтың қол астында жаттыққан. «Big Bear осыған дейін ол бірнеше залда жаттықты. Фрэддиде екі ай болды, бірақ ол жердегі бейберекеттік жағдайдан шаршап кетіп қалды», – деді Санчес. 
  • 20. Кәсіпқой бокста 37 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 33-ін уақытынан бұрын нокаутпен аяқтаған. Головкин 2006 жылы ең көп жекпе-жек өткізген (алты), ал 2010 жылы екі ғана кездесу өткізген, қарсыластарының екеуі де колумбиялық. 
  • 21. 37 жекпе-жекте барлық құрлықтың өкілдерімен, яғни 20 елдің боксшыларымен өткізген. Соның ішінде АҚШ боксшыларымен сегіз рет кездескен. 
  • 22. Головкиннің жекпе-жектері әлемнің сегіз елінде өтті: Германия, Дания, Панама, Қазақстан, Украина, АҚШ, Монако және Ұлыбритания. Қазақстанда ол 2010 жылы 16 желтоқсанда «Дәулет» спорт кешенінде Нильсон Хулио Тапиаға қарсы жекпе-жек өткізіп, өзінің кәсіпқой бокстағы 20-жеңісіне ие болды. 
  • 23. 2012 жылы 1 қыркүйекте Головкин АҚШ-тың НВО арнасында дебют жасады. 
  • 24. 2013 жылы Головкин Big Bear-дан он айға шықпай отырды. «Ол әйелімен, баласымен сирек жолығады. Оған мансабы үшін көп нәрсені құрбан етуге тура келеді», – деді Санчес. Big Bear-дағы пәтерде Гена кәдімгі жатын орны, душ бөлмесі бар артықшылығы жоқ бөлмеде өмір сүреді. Big Bear-дың басты артықшылығы спортшының жаттығуына қолайлы биік тауда орналасқан. 
  • 25. 2014 жылы Головкин Бродвейде түсірілген «Рокки» мюзиклінде ойнады. Бұдан бөлек, Гена Apple, Samsung секілді танымал брендтердің жарнамасына түскен. 
  • 26. АҚШ Президенті Дональд Трамп та GGG жанкүйері. Ол 2015 жылы «Мэдисон Сквер Гарденде» Лемьеге қарсы жекпе-жектен соң Головкинді жеңісімен құттықтап: «Бұл керемет жекпе-жек болды. Головкин – ұлы боксшы. Мен оның Мейвезермен шыққанын көргім келеді!» , – деген болатын. Ол Головкиннің қолын қысып «Сен мықтысың және өз ісіңді білесің» деген болатын. 
  • 27. Головкиннің «Твиттерде» 439 000, «Фейсбукте» 576 514 ал «Инстаграмда» 1,9 млн оқырманы бар. Ал «Ютуб» желісінде Геннадий Головкин туралы 896 мың ролик бар. Головкинді әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналду оқиды. Сонымен бірге, 2016 жылы 10 қыркүйекте Келл Брукқа қарсы Лондонда өткен жекпе-жекте Головкинді қолдауға «Тақтар ойыны» сериалының актерлары келген. «Манчестер Юнайтед» форварды Златан Ибрагимович те сол кездесуде Генаны жеңісімен құттықтаған. 
  • 28. IBF 34-конвенциясында Геннадий Головкинді Джерси Джо Уолкотт атындағы жоғары сыйлықпен марапаттады. 
  • 29. 2011 жылы «Парасат» орденін, 2014 жылы «Құрмет» орденін, 2002 жылы «Еңбек үздігі» медалімен марапатталды. 
  • 30. Головкин аптасына кемінде үш рет жаттығады. Оның алғашқы жаттығуы таңғы жетіде басталады. 
  • 31. Daily Mail-ге берген сұхбатында боксшының бапкері Абель Санчестің айтуынша, Головкин арнайы диета ұстамайды, дегенмен майлы тағамдар жемейді, газдалған сусындар ішпейді. Спортшының өзі ет пен теңіз тағамдарын ұнататынын, күніне төрт рет тамақтанатынын айтты. 
  • 32. 2014 жылы Геннадий Головкин GGG тауарлық белгісін патенттеді. 
  • 33. 2016 жылы «Қазпошта» «Қазақстан чемпионы. Геннадий Головкин» атты «Спорт» сериясымен бес марканы шығарды. 
  • 34. Головкиннің сүйікті футбол клубы – мадридтік «Реал», ал футболшысы – Криштиану Роналду. 
  • 35. Головкин православтық христиан дінін ұстанады. 
  • 36. Головкиннің жұбайы – қазақ, аты – Алина, қарағандылық. Екі жоғары білімі бар, оның біреуін Германияда алған. Екі шет тілін меңгерген. Отбасы үшін карьерасынан бас тартқан. Головкин мен Алина 07.07.2007 жылы үйленді. 
  • 37. Головкин екі баланың әкесі. Жақында ол қызды болды. Бірінші баласы Вадим 2009 жылы дүниеге келді. Головкин баласына ағасының есімін қойды. Бір кездегі өзі сияқты емес тым жайлы жағдайда өсіп келе жатқандықтан баласын болашақта боксшы ретінде көрмейтінін айтады. Генаның айтуынша, жақында дүниеге келген қызының жағдайы жақсы, дегенмен ол сәбидің есімін айтудан бас тартты. 16 қыркүйекте Сауль Альвареспен өтетін жекпе-жектен кейін толығырақ қуанышымен бөліспек. «Маған бір ғана апта беріңіздер. Қазір мен отбасым емес, тек бокс туралы айтқым келеді. Бокс бұл – бизнес. Мен кәсіби спортшымыен, сол себепті назарымды 100% боксқа аударамын. Бұл өте қауіпті спорт, мен оны түсінемін. Өмірім өзіме ұнайды, отбасымды ойлаймын. Босаңсығым келмейді, бокс тым қауіпті», – деді ол. 
  • 38. Геннадий Головкин 16 қыркүйекте карьерасындағы ең маңызды және ең қиын жекпе-жекке шығады. Кім жеңеді? Оның өміріндегі 38-ші факт 38-ші жеңіс бола ма? Оны санаулы сағаттардан соң білетін боламыз. 
     

 Baq.kz 

Назерке Абибулла


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...