Ирандық қолөнерші Алматыда шеберлік дәрісін өткізді

Жаңалықтар
1130

Сәуірдің 3 күні Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ирандық қолөнер шебері Хамид Карими «Фирузе куби» – көгілдір ақық таспен мыс бұйымдарының бетін әшекейлеп, безендіру бойынша шеберлік дәрісін өткізді. 


Дәрістің басында Алматыдағы Иранның Бас Консулдығының атташесі Хосейн Ағазаде кіріспе сөз сөйлеп, аталмыш өнердің Иран қоғамындағы орнына, өткізілетін дәрістің шебердің тәжірибесі мен біліктілігі тұрғысынан маңыздылығына тоқталды.

«Хамид Карими қолөнер бұйымдары» сауда белгісімен исфаһандық қолөнер бұйымдарын өндіруші ирандық шебер Хамид Карими дәріске қатысқан студенттер мен өнер сүйер көрермендерге алдымен бағалы көгілдір ақық тастың қасиеттеріне тоқталып, өз ісінің егжей-тегжейі мен қолөнер бұйымын жасаудың әрбір кезеңінде атқарылатын үдерісті баяндады. «Фирузе кубидің» мыс, жез, қола, күміс ыдыс-аяқ, әшекейлер мен сәндік бұйымдардың бетіне мозаикалық пішіндегі көгілдір ақық тастың ұсақ бөліктерін тізіп, желіммен жабыстыру арқылы жүзеге асырылатын өнер түрі екенін түсіндірді. Бүгінде бұл өнердің орталығы Иранның Исфаһан қаласы екенін айтты.

Дәріс барысында көңілдері қалаған студенттер шебердің кеңесі арқылы кезек-кезек өз қолдарымен көгілдір ақық тастарын алдын ала дайындалған материал – шағын мыс көзенің бетіне желімдеп, тізіп үйренді. Өнердің осы түрі мен материалдарға қатысты ұстазға көптеген сұрақ қойылып, оларға тұшымды жауаптар берілді. Дәрістің соңында студенттер ирандық шебермен естелік суретке түсті.  

Айта кетейік, наурыздың 31 күні Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Иранның "Парсиан" қолөнер бұйымдары компаниясының ұйымдастыруымен көрме және шеберлік сыныптың ашылу салтанаты өткен болатын. Шараға Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды, Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас Консулы Мохсен Фағани, Бас Консулдықтың атташесі Хосейн Ағазеде қатысып сөз сөйледі. Сонымен қатар академияның оқытушылары мен қызметкерлері, ирантанушылар, парсы тілінің оқытушылары, аудармашылар, журналистер, Иран мәдениеті мен өнеріне қызығатын қалың жұртшылық қатысты. Көрме алтыншы сәуірге дейін жалғасады.

Айнаш Қасым

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...