Кәсіпкер 30 жылдан соң балалық шағы өткен үйін қайта сатып алды

Фото: Айдын Рақымбаевтың парақшасынан

ЖАҢАЛЫҚТАР
212

Қазақстандық кәсіпкер Айдын Рақымбаев Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы Құлынжон ауылынан өзі туып-өскен үйді қайта сатып алды. Кәсіпкер бұл шаңырақта балалық шағы өткенін айтып, енді үйді жөндеп, ауыл мектебінің ұстаздарына беретінін жеткізді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz el.kz-ке сілтеме жасап. 

Айдын Рақымбаевтың айтуынша, үйді кезінде оның әкесі салған. Алайда шамамен 30 жыл бұрын ата-анасын қалаға көшіріп әкеткен кезде әкесі үйді арзанға сатып жіберген.

Әкем салған үйді қайтадан сатып алдық. Отыз жыл бұрын әкем оны екі фляга майға беріп кеткен еді. Негізі, жай ғана бере салған, – деп жазды кәсіпкер.

Ол бала кезінде бұл үйдің өзіне өте үлкен болып көрінгенін еске алды. Ал ауладағы ағаштар алып болып көрінген.

Кәсіпкердің айтуынша, отбасының бүкіл әлемі төрт кішкентай бөлмеге сыйған. Үйде ата-анасы, әжесі, екі әпкесі, ағасы және өзі бірге тұрған.

Бүкіл әлемім төрт кішкентай бөлмеге сыйып тұрған: анам, әкем, әжем, екі әпкем, ағам және мен, – деп еске алды ол.

Рақымбаев балалық шағындағы ауыл өмірінің ерекшеліктерін де айтып берді. Қыстың суық күндерінде ата-анасы қорадағы бұзаулар мен қозылар тоңып қалмауы үшін оларды үйге кіргізетін болған.

Балалар малды төсектерінің аяқтарына байлап қоятын. Оның айтуынша, үйдегі мал балалардың ұйықтауына да мүмкіндік бермеген.

Әрине, ұйықтатпайтын. Бірақ сол жылдары көп адамның өмірі осындай еді, – деді ол.

Арада ондаған жыл өткен соң Айдын Рақымбаев бұл үйдің сатылымға қойылғанын естіген. Сөйтіп, балалық шағы өткен қара шаңырақты қайта сатып алып, жөндеуге шешім қабылдаған.

Енді үйде Құлынжон ауылындағы мектептің мұғалімдері тұрады. Рақымбаев бұл мектепті 1989 жылы тәмамдаған.

Кәсіпкердің айтуынша, өткен аптада ауыл мектебінің жаңа корпусы ашылған. Мектеп кеңейгеннен кейін мұғалімдер саны да көбеймек. Сондықтан сатып алынған үй ұстаздарға баспана ретінде қажет болады.

Үй отбасымызға қызмет етті, енді мектепке, ауылға және балаларымызға білім беретін ұстаздарға қызмет етсін, – деп жазды ол. 

Бірнеше күн бұрын кәсіпкер өзі өскен үйге ұлын ертіп барған. Екеуі бөлмелерді аралап шыққан.

Рақымбаевтың айтуынша, ұлы үйді көріп, кезінде осындай шағын үйге сонша адамның қалай сыйғанына таңғалған.

Кәсіпкер үшін бұл үй жай ғана баспана емес, балалық шағының естеліктерін сақтап қалған ерекше орын. Оның айтуынша, ол үйді бала кезінен «шулы, жылы әрі адамға толы» күйінде есте сақтаған.

Үйдің мінезі жақсы. Мен оны бала кезімнен осындай – шулы, жылы, адамға толы күйінде білемін. Алдағы ондаған жылда да осындай болып қалса екен деп қатты қалаймын», – деді ол. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сыртқы істер министрлігі Грузия мен Индонезияға сапар жоспарлаған азаматтарға осы елдердегі көші-қон...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Air Astana әуе компаниясы 2026 жылғы қазан айынан бастап Алматы мен Астанадан Дубайға тұрақты әуе ре...