Қазақстандық әнші Мархаба Сәбидің билік жүйесін сынайтын “Балабақша” деп аталатын ә...
Тойдан қайтып келе жатқан: 5 адамның өліміне 60 жастағы шымкенттік кінәлі деп танылды
otyrar.kz
Бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі аяқталды. Ірі жол көлік оқиғасына 60 жастағы шымкенттік кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы otyrar.kz сайтына сілтеме жасай отырып, madeniportal.kz хабарлайды.
Еске сала кетейік, жантүршігерлік оқиға былтыр 12 тамызға қараған түні Алматы-Ташкент тасжолында орын алған еді. Ресми дерек бойынша, 60 жастағы жүргізуші Mercedes-Benz Sprinter микроавтобусымен 17 адамды Шымкенттен Жамбыл облысына тойға апарған. Түнде тойдан қайтып келе жатқанда автобус жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен. Нәтижесінде өз жолымен келе жатқан Hyundai Elantra көлігіне соғылған. Ал автобустағы куәгерлер жүргізушінің жолда ұйықтап кеткенін айтқан.
«Түлкібас аудандық сотының үкімімен Уразали Ярлакабович Манапов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, оны 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, оған 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде белгіленген», - деп атап өтті Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.