Ақтөбедегі мейрамханалардың бірінде тойы болып жатқан жігіттің әкесі қайтыс болды, деп хабарлайды MA...
Kaspi терминалын ұстаған балаға тоқ соқты: Талдықорғанда 1-сынып оқушысы зардап шекті
Сурет: Stan.kz
Әлеуметтік желіде Талдықорған қаласындағы дүкендердің бірінде түсірілген видео тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Кадрда баланың Kaspi төлем терминалынан тоқ соққан сәті көрінеді. Бұл бейнежазбаны оқыс жағдайға тап болған баланың анасы жариялаған. Ол жұртшылықты сақ болуға шақырып, басынан өткен жайтты бөлісуді жөн көрген.
Оқиға Талдықорғандағы Seven дүкенінде орын алған. Видеодан баланың алдымен дүкеннің кіреберісіндегі есікті ұстап, артынан оң қолын терминалға қарай созғаны байқалады. Сол сәтте бала тоқ ұрып, шошып кетеді. Абырой болғанда, жанында тұрған әйел баланы тез арада тартып алып, аман алып қалған.
Зардап шеккен баланың анасы Назым Адилова өз сөзінде оқиға орнында ашықта жатқан ешқандай тоқ сымдары болмағанын айтты. Бұл жағдай ата-аналарға, дүкен иелеріне және техника қауіпсіздігіне жауапты мамандарға сабақ болуы тиіс дейді ол.
— Кеше менің ұлымды Kaspi терминалы тоқ ұрды. Сырттай қарағанда ешқандай қауіп байқалмады, ашық сымдар да болмаған. Қазір ұлымның жүрегіне УДЗ мен электрокардиограмма жасалды. Өте қатты қорқып қалған. Саусақтарында күйік бар, ауырсынады. Тоқ ұрған кезде денесі тырысып, құрысып қалды. Ұлым үлкен психологиялық соққы алды. Жылап қана отыр. Ана ретінде мұндайды ешкімнің басына бермесін деймін. Жаным ауырып тұр. Бұл — нағыз сұмдық, – деді Назым Адилова.
Оның айтуынша, ұлы — 1-сынып оқушысы, жасы небәрі 7-де. Дәрігерлер қазір баланың жағдайын толық тексеріп жатыр.
— Алдын ала жағдайы тұрақты деп бағалануда, бірақ жұмаға дейін ауруханада боламыз. Сол кезде нақты диагноз мен ем нәтижелері белгілі болады. Абай болыңыздар, сақтықта қорлық жоқ! – деп ескертті ол.
Назым Адилова таратқан суретте баланың терминалдың қай тұсын ұстағаны көрсетілген.
Талдықорған қалалық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, баланың облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ем қабылдап жатқанын растады. Мамандар баланың жағдайы тұрақты екенін, қосымша ақпарат ата-ананың рұқсатынсыз берілмейтінін мәлімдеді.
Ал Жетісу облыстық полиция департаменті бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Кәмелетке толмаған баланың жарақат алуына себеп болған, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету немесе тауар сату дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында құрылғыны орнату мен пайдалану ережелерінің сақталуы жан-жақты тексерілуде.