Атыраудан шыққан жас дзюдошы Бекболат Иса Алматы қаласында өткен әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ко...
«Көзінен айырылып қала жаздады»: Астанада балабақша тәрбиеленушісін темір орындықпен ұрған
ашық дереккөз
Астанада балабақша тәрбиеленушісінің бетіне басқа бала темір орындықпен бірнеше рет соққы жасағаны туралы ақпарат тарады. Зардап шеккен баланың анасы оқиға кезінде тәрбиешілердің жанында болмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Әйелдің айтуынша, оқиға 2026 жылғы 15 қазанда болған. Балабақшадағы басқа тәрбиеленуші оның ұлының бетіне салмағы шамамен 2–3 келі болатын темір орындықтың аяғымен төрт рет соққы жасаған.
«Құдай сақтап, соққылар тура көзіне тимеген. Әйтпесе ұлым бір көзінен немесе көру қабілетінен айырылып қалуы мүмкін еді», – деп жазды әйел Threads желісінде.
Анасының сөзінше, балабақша қызметкерлері бастапқыда балалардың орындыққа таласқанын, кейін оның қолдан шығып кеткенін айтып түсіндірген. Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаны көрген әйел ұлын балабақшадан бірден шығарып алған.
Сондай-ақ ол қазан айына алдын ала төлеген 80 мың теңгесін қайтаруды талап еткен. Бірақ әйелдің айтуынша, баласы 15 қазаннан бері балабақшаға бармаса да, жарияланым шыққан кезде ақшасы қайтарылмаған.
Астана қалалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Нұра ауданының полиция басқармасы балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
