Қазақстанда алдағы жылы декреттік төлем мөлшері артпақ

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
111

Қазақстанда келер жылдан бастап бала күтімі, жүктілік және босануға берілетін әлеуметтік төлемдер артуы мүмкін. Оған ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспары себеп, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Мұны Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді. Оның есебінше, ең төменгі жалақының өсуі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылардың есептеу шегіне де әсер етеді. 

Бала күтіміне берілетін ай сайынғы төлем қанша болады?

Қазір жұмыс істейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 238 мың теңге.

Егер 2027 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе, бұл көрсеткіш 308 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін. Демек қазіргі шекті мөлшермен салыстырғанда 70 мың теңгеге артады.

Алайда бұл барлық ата-ана ай сайын 308 мың теңге алады дегенді білдірмейді. Төлемнің нақты сомасы соңғы 24 айдағы орташа табысқа және әлеуметтік аударымдарға байланысты есептеледі. Ал 308 мың теңге – белгіленген ең жоғары шек.

Біржолғы төлем 3 миллион теңгеден асуы мүмкін

Жүктілік пен босануға байланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлемнің де жоғарғы шегі артуы ықтимал. Қазір стандартты 126 күндік декреттік демалыс үшін төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары есептік мөлшері шамамен 2,5 миллион теңгемен шектеледі.

Ал ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтерілсе, бұл сома 3 миллион теңгеден асуы мүмкін. 

Біржолғы төлемнің көлемі әйелдің соңғы 12 айдағы орташа табысы мен декреттік демалысының ұзақтығына қарай есептеледі. Сондықтан көрсетілген сома да барлық әйелге бірдей берілмейді. 

Өнер

«ЗаманBack 2» фильмінен кейін «Алтынай» әні қайтадан көрерменнің жүрегін жау...

Шоу-бизнес

Журналист Гүлназ Әлімгерей жақын құдағиының қазасына байланысты көңіл айтып, жүрекжарды жазба жариял...