Қазақстандық Кристина Менисов АҚШ-та өткен байқауда әлеуметтік желідегі жылдың үздік моделі атанды,...
"Маған бірдеңе болса...": АҚШ-та жоғалып, артынша мәйіті табыған қазақ жігітінің соңғы хаты жарияланды
Фото: kznews.kz коллажы
АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы қазақстандық Әсет Құралбайдың жоғалып кеткені хабарланды. Оның туыстары бұл туралы Threads әлеуметтік желісінде жазған. Жақындарының айтуынша, Әсет соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап телефоны сөндірулі болған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Arasha.kz-ке сілтеме жасап.
Әсеттің әпкесі Алина Құралбай Newtimes.kz басылымына берген сұхбатында інісінің АҚШ-та төрт жылдан бері тұрып келгенін айтты. Ол Америкаға Work&Travel бағдарламасы арқылы барып, кейін сол жақта қалуды шешкен. Әсет Amazon компаниясында курьер болып жұмыс істеген.
Көршілерінің сөзінше, жігіт тұйық мінезді болған. Ал соңғы уақытта тіпті көпшілікпен араласуды азайтып, оқшаулана түскен.
"Бізге оның ешкіммен араласпағанын айтты. Күні бойы ұйықтап, түнде ояу жүретін болған. Үй иесі: "Түнгі үш-төртте келсем, ол шатырда темекі шегіп отырады" деді", – деп жеткізді әпкесі.
Алинаның айтуынша, Әсет кейінгі күндері хабарламаларға жауап бермеген. 7 маусымнан бастап оған жіберілген хабарламалар мүлде жетпей қалған. Бірнеше күн өткен соң туыстары полицияға арыз жазған.
Полиция Әсеттің көлігін үйінен шамамен бес минуттық жерден тапқан. Мәлімет бойынша, көлікті белгісіз бір әйел айдап апарған. Сондай-ақ оның үйінен жазба табылған.
"Жазбада: "Егер маған бірдеңе болса, құжаттарым мен заттарымды мына жерге жеткізіңіздер" деп жазылған. Нью-Йоркте біздің жеңгеміз тұрады, ол соның байланыс деректерін көрсеткен. Полиция жазбаның жаңа екенін, жанында қалам жатқанын айтты", – деді Алина.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломаттар оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді. Кейінірек министрлік АҚШ құқық қорғау органдары Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның денесін тапқанын хабарлады.
СІМ мәліметінше, қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен байланыста. Жақындарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.