Астанада «Шарын» базары өртенді, деп хабарлайды madeniportal.kz.Базар аумағында жеке тұр...
Magnum компаниясы қоғамнан кешірім сұрады
Фото: Видеодан кадр
Тіл төңірегіндегі жағдайдан кейін бірнеше күн өткен соң Magnum компаниясы ресми мәлімдеме жасап, халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Magnum дүкендерінің бірінде қызметкер тұтынушыға «қазақша сөйлеңіз» деген. Бұл сөзді тұтынушы реніш ретінде қабылдап, басшылыққа шағым түсірген. Жағдай көп ұзамай әлеуметтік желілерде кең тарап, қоғамдық резонансқа ұласты. Қазақ тілінің белсенділері бұл оқиғаны мемлекеттік тілге деген құрметсіздік деп бағалап, компанияны сынға алып, бойкот жариялауға шақырды. Әсіресе, қызметкердің жұмысынан уақытша шеттетілгені белгілі болған соң, наразылық күшейе түсті.
Осы жағдай ушығып кеткеннен кейін Magnum компаниясының топ-менеджері Нияз Шапақов ресми мәлімдеме жасап, жұртшылықтан кешірім сұрады. Ол компания қазақ тіліне құрметпен қарайтынын, ал аталған жағдай тараптардың өзара келісімімен аяқталғанын айтты. Қазір қызметкер жұмысын жалғастыруда.
«Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызғаны үшін өкінеміз. Magnum компаниясының басшылығы атынан барлық қадірлі тұтынушыларымыз бен отандастарымыздан шынайы кешірім сұраймыз. Халқымыз әрқашан кез келген мәселені сабырмен және парасатпен шеше білген. Қазір қызметкер мен тұтынушы арасындағы түсініспеушілік толық реттелді — олар бір-біріне қол беріп, татуласты. Қызметкеріміз Magnum-да жұмысын жалғастырып жатыр. Біз бәріміз — бір елдің азаматымыз. Әрине, қазақ тіліне деген құрмет біз үшін маңызды. Ана тіліміз — басты құндылығымыз. Тілді білу — бәрімізге ортақ, қасиетті борыш. Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!» — деді Шапақов.
Бұл жағдай Қазақстанда тіл мәселесінің әлі де өте өзекті әрі нәзік тақырып екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мемлекеттік тіл мәртебесіне қарамастан, қазақ тілін қоғамдық кеңістікте қолдану әлі күнге дейін түйткілді мәселе болып отыр.