Алакөлге баратын халықты күн ыстықта вагонға қамап қойған, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Ала...
Мереке күндері жұмыс істегендерге қанша теңге төленуі тиіс?
Фото: ЖИ
Мереке күндері жұмысқа шығатындарға жұмыс беруші әдеттегіден кемінде бір жарым есе артық ақы төлеуге міндетті. Бұл теңгемен есептегенде қанша болады, ақша қашан түседі және мереке күніне қатардағы күндей төленсе не істеу керек? Осы сұрақтарға бухгалтерлік есеп саласындағы сарапшы Майра Мұрзабекова baq.kz тілшісіне жауап берген, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қандай күндер мереке болып саналады?
Желтоқсанда – 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні, ол сәрсенбіге түседі. Жаңа жыл – 1 және 2 қаңтар жұма мен сенбіге сәйкес келеді.
Православиелік Рождество – 7 қаңтар да демалыс күні. 31 желтоқсан жұмыс күні болып қалады, қазақстандықтардың желтоқсанда қалай демалатыны туралы толығырақ BAQ.KZ бұған дейін жазған болатын.
Қанша төлеуі тиіс?
Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа күндік немесе сағаттық мөлшерлеменің кемінде бір жарым еселенген мөлшерінде ақы төленеді. Егер еңбек немесе ұжымдық шартта көбірек көрсетілсе, шарт бойынша төлейді.
Сарапшы мысал келтіріп есептеді. Бес күндік жұмыс аптасындағы қызметкердің айлығы 300 мың теңге және ол 16 желтоқсанда жұмысқа шығады делік.
«Есептеп көрейік: 2026 жылдың желтоқсанында 22 жұмыс күні бар. 300 000 теңгені 22 жұмыс күніне бөліп, 1,5 мөлшерлемеге көбейтеміз. Сонда 16 желтоқсандағы 8 сағаттық бір күн үшін 20 455 теңге шығады. Егер барлық жұмыс күндерін толық істеп, мереке күні де жұмысқа шықсаңыз, желтоқсан айы үшін салық пен жарналар ұсталғанға дейін 320 455 теңге есептеледі», – деп түсіндіреді Майра Мұрзабекова.
«Жұмыс беруші одан да көп төлей алады, бірақ заңда белгіленген мөлшерден кем болмауы тиіс», – деп толықтырады сарапшы.
Мереке күні үшін төленетін ақыдан да қалыпты жалақыдағыдай сол салықтар мен жарналар ұсталады, сондықтан қолға тиетін сома азырақ болады.