Нұрлан Өнербаев 60 жаста: Елордада «Айтылмаған бір әнім бар» атты шығармашылық кеш өтті

Жаңалықтар
1175

Ерекше дауыс иесі қазақтың әндеріне қайталанбас үн беріп, елімізді өміршең рухани дүниелермен тербеп халық арасында «Қазақтың қоңыры» атанған ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Нұрлан Өнербаевтың мерейлі 60 жасқа толуына орай «Айтылмаған бір әнім бар» шығармашылық кеші өтті. Аталған кеш Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Елордалық «Астана» концерт залында, санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Концертте Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Саят Медеуов, Тоқтар Серік пен Бейбіт Сейдуәлі, «Славян базары - 2021» халықаралық фестивалінің Гран-При иегері Рухия Байдүкенова, «Junior Eurovision - 2020» халықаралық байқауының лауреаты Ержан Максим, «Славян базары - 2019» халықаралық фестивалінің Гран-При иегері Әділхан Макин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат-Света Айтбаевтар және басқа да өнер қайраткерлері қатысып, қоңыр дауысымен барша қазақтың жүрегіне жол тартқан әнші Н.Өнербаевтың орындауындағы әндерді шырқады. 

«Кең байтақ қазақ еліне танытып, тыңдарманның көңіл төріне көтерген, маған көп әндерін сыйға тартқан, кешегі Шәмші ағамыздан бастап, Нұрғиса ағамызды, Әсет ағамызды, Кеңес ағамызды, сонымен қатар, тамаша жырларымен тыңдарманның жүрегіне «мөр басқан» ақын ағаларым Тұманбай аға, Қайрат ағам, Нұрсұлтан Әлімқұлов ағам, Шөмішбай ағам «Қарағым-ай» әніне қанат бітірген ағаларымның алдында басымды иіп тағзым еткім келеді. Қазақтың әндері тыңдарман жүрегінен ешқашан өшпеуі үшін біз әндерді қайталап айтып отыруымыз керек. Мен осы ән айтып келе жатқан 37-38 жылымда өзім ғана сахнада көрерменіммен қауышатынмын. Осы жолы жаңағы аты аталған композитор, ақын аға-апаларымыздың атын жаңғыртып, бүгінгі жастардың орындауында әрі қарай өміршең болуын қаладым. Менің орындаған кейбір тамаша қанатты әндерім бүгін жас орындаушылардың менің сахнадағы іні бауырларымның үзеңгілес әріптестерімнің ән қоржынына түсе бастағанын байқадым. Бүгінгі кешке өзімнің шығармашылық кешіме арнайы шақырдым»- деді, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Өнербаев. 

Шара барысында бейнеархивтер көрсетіліп, Музыкалық жас көрермендер театрының әртістері театрландырылған көрініс арқылы әншілігімен қоса актерлік өнер саласына да қосқан үлесі, сонымен қатар ерекше қоңыр үнімен көптеген халық туындылары өшпестей болып қазақ радиосы, телеарналардың алтын қорларынан орын алғаны айтылды. Кешке келген көрермен қауымы әншінің өмірі мен шығармашылығымен танысып, халық жүрегінен терең орын алған әндерін тыңдап рухани сусындап қайтты.

madeniportal.kz

Сұхбат

Қазақ тілді контент түсіруші, блогер Аружан Абилова Анара Батырханмен сұхбатында 1-сыныптан бастап т...

Жаңалықтар

Осыдан екі күн бұрын, 10 желтоқсан күні Алматыда зағип жігіт метроның астына құлап кетіп, мерт б...