№24 орта мектебінің спорт залында қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық ойындарымызды н...
Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақмыстың» Ұлытау облысындағы өндірістік жобаларымен танысты
дереккөзден
Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековпен бірге «Қазақмыс» Тобының өндірістік және әлеуметтік нысандарын аралады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Компания жүзеге асырып жатқан инвестициялық бастамалар туралы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі баяндады.
Жезқазған мыс балқыту зауытында күрделі жөндеу, өндірістік жабдықтарды жаңғырту және өндірісті экологиялық тұрғыдан жаңарту жобалары таныстырылды. Стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жаңа күкірт қышқылы цехы мен газ-поршеньді электр станциясының құрылысы бар. Бұл жобалар өндірістің экологиялық тиімділігін арттыруға, кәсіпорынның энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға және оның технологиялық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жезқазған байыту фабрикасына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары өндірістік үдеріспен, іске асырылып жатқан жаңғырту бағдарламаларымен және минералдық шикізатты өңдеу тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шаралармен танысты.
Сапар бағдарламасының маңызды тармақтарының бірі – Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандырудың екінші кезеңі болды. Жоба «Қазақмыс» Тобы мен Ұлытау облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы ретінде жүзеге асырылуда. Құрылыс құны шамамен 3,4 млрд теңгені құрайды, ал жұмысты аяқтау 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Руслан Өскенәлі өндірістік қуатты жаңғырту, кәсіпорындардың экологиялық тиімділігін арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының өзара сабақтас бағыттары екенін атап өтті.

«Қазақмыс» Тобы Ұлытау облысының дамуына инвестиция салатын ең ірі компаниялардың бірі болып қала береді. 2026 жылы компания өңірде жалпы құны 30 млрд теңгеден асатын әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда. Олардың қатарында Серке Қожамқұлов атындағы облыстық театрды қайта жаңғырту, «Жастар» саябағын абаттандыру, Кеңгір су қоймасы жағалауының құрылысы, Ұлытау университетін құру, студенттерге арналған жатақхана салу, денсаулық сақтау, спорт және қалалық инфрақұрылым нысандарын дамыту жобалары бар. Бұл бастамалардың барлығы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған және компанияның ұзақ мерзімді әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болып табылады.