«Қорғас» ШЫХО аумағының Қазақстан жағында 6 заңсыз ойын бизнесін және бір жезөкшелер оша...
NVIDIA негізін қалаушы Дженсен Хуанг Астанаға келеді
Фото: Shutterstock.com
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг алғаш рет Қазақстанға келеді. Ол Астанада өтіп жатқан жасанды интеллект айлығы – AI Month-тың арнайы қонағы болады, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.
AI Month 23 қыркүйекте HackAlem AI хакатонымен басталады. Оған жасанды интеллект саласының мамандары, әзірлеушілер, стартаптар, зерттеушілер мен технологиялық индустрия өкілдері қатысады. Қатысушылар өз жобаларын әзірлеу және сынақтан өткізу кезінде NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады.
1 қазанда Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің отырысына NVIDIA-ның физикалық AI жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. Ал 2-3 қазанда Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді.
Айлықтың қорытындысы 23 қазанда Дженсен Хуангтың қатысуымен шығарылады. Жаслан Мадиев пен NVIDIA басшысы alem.ai халықаралық орталығында арнайы пікірталас өткізіп, жасанды интеллектінің болашағы, технологиялық трендтер, мамандар даярлау және Орталық Еуразияның мүмкіндіктерін талқыламақ.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Еуразиядағы ЖИ таланттарын тартатын орталыққа айналдыру. Бұл жерден озық идеялар жаһандық нарыққа шығуы керек», – деп жазды Жаслан Мадиев.
Министрдің пікірінше, Дженсен Хуанг секілді әлемдік технология көшбасшыларымен тікелей диалог қазақстандық жас әзірлеушілерге жаңа мүмкіндік беріп, олардың идеяларын нақты өнімге айналдыруға серпін береді.