Өлтіруге тапсырыс бергендер бостандыққа шыққан. Дау қайта жалғаса ма?

Фотосурет stan.kz сайтынан алынды

Жаңалықтар
781

Қызылордада кәсіпкер Хансейіт Мектепбаевты өлтіруге тапсырыс берген базар басшылары жақында бостандыққа шыққан. Кәсіпкер базардағы орынға таластан басталған дау енді қайта жалғаса ма деп қорқады, деп жазады madeniportal.kz тілшісі stan.kz сілтеме жасап.

Осыдан екі жыл бұрын Хансейіт Мектепбаевтың үйіне келіп, тапа-тал түсте оқ жаудырған азаматтардың әрекеті дүйім жұртты дүр сілкіндірген еді. Оқиға кезінде үш адам көз жұмған болатын. Бірнеше көлікпен келген азаматтардың кәсіпкердің үйіне баса-көктеп кіргені мен атыс кезі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қылмыстық әрекет кезінде Хансейіттің інісі мен тағы екі азамат көз жұмды. Кәсіпкердің айтуынша, ол кезде қаскөйлер базар басшыларының бұйырығымен өзін өлтіруге келген екен. Ал атыс жасаған адамдардың барлығы жазаларын алған. Бірақ оларды жалдаған азаматтардың жақында бостандыққа шыққанын естігенде төбемнен жай түскендей болды дейді кәсіпкер.

"Кеше шығып кетті түрмеден. Олардың шығатынын жұрттар алдын ала әңгіме қылып жүрді ғой. Қазірдің өзінде де мен жан-жағыма қарап жүрмін ғой. Бірақ енді қай жерде өлтіріп кетеді екен деп жүрмін әңгіменің ашығы", - дейді кәсіпкер. 

Хансейіттің сөзінше, атыстың алдында да қаскөйлер өзін бірнеше рет ұрлап әкетіп, қастандық жасағылары келген. Одан кейін де талай таяқ жедім дейді. 

"Қылмыскер деп айтуға олар дәлелденген. Қарулы топтарды ұйымдастырған. Қанша адам қырылды. Қанша бала әкесіз қалды. Қанша отбасы асыраушысынан айырылды. Бұл жерде әділдік емес", - деді кәсіпкердің туысы Айгүл Мектепбаева. 

Ал облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер базар басшыларының адам жалдап Хансейітті ұрлап әкетуге әрекет жасағандары дәлелденді дейді. Сондықтан оларға бастапқыда “адам ұрлау” бабымен айып тағылғанын мәлімдеді. Бірақ кейін бұл іс “Өзінше билік ету” бабына ауысқан екен.

"Қылмыстық кодекстің 389-бабының 3-бөлігімен сотталушы С. екі жылға, ал Р-ға 1 жыл 5 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қамауда болған уақыттары тағайындалған жазаны қамтығандықтан, белгіленген күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, жазаны өтеуден босатылған", - делінген Қызылорда облыстық сотының хабарламасында.  

Сотталушылар қамауға алынып тергеуде отырған уақытта жазаларын өтеген дейді соттың баспасөз қызметіндегілер. Ал Хансейіт Мектепбаев өз өмірі үшін алаңдайды. Енді ол әділдік іздеп жоғары сотқа шағымданбақшы.

Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...