Торғайдағы жыр кеші

автордан

ЖАҢАЛЫҚТАР
605

Тарихи Торғай – Торғай-дуаны, бүгінгі Жангелдин ауданының орталығында «Торғай – тұлғалар мекені» атты поэзия фестивалі өтті, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тағылымды шараға Алаштың абыз ақсақалы Қойшығара Салғараұлы, сыршыл ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанов, әдебиет зерттеушісі, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ақындар Абылай Мауданов пен Марғұлан Оспанов қатысты. Орта буын өкілдерінің арасынан біз де сахна төрінен табылдық.

Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Қайсар Әлім секілді аға буын қаламгерлер түрлі себептермен жыр кешіне келе алмады. Ал Түркістанда іс-сапарда жүрген айтыстың ақтангері Айбек Қалиев видео құттықтауын жолдады.

«Ауыл және мәдениет» жобасы аясында торғайлық он қаламгердің көрмесі ұйымдастырылған екен. Қойшығара Салғараұлына Ақшығанақ ауылдық округі, Серікбай Оспанұлына Шилі ауылдық округі, Төлен Әбдікке Ахмет Байтұрсынұлы ауылы, Серік Тұрғынбекұлына Қалам-Қарасу ауылдық округі, Қайсар Әлімге Қызбел ауылдық округі, Амангелді Кеңшілікұлына Жангелдин ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, бізге Албарбөгет ауылдық округі, Айбек Қалиевке Ақкөл ауылы, Марғұлан Оспановқа Сужарған ауылы, Абылай Маудановқа Аралбай ауылы дайындапты. Іс-шараға арнайы келген қонақтар мен аудан тұрғындары осы көрмені тамашалады.

Поэзия фестивалін ашқан Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлына ауданның Құрметті азаматы атағын табыстап, иығына шапан жауып, ат мінгізді. Сонымен бірге биыл сексен жасқа толған Серікбай Оспанов ағамызға да жерлестері ат мінгізіп, құрмет көрсетті.

Мектеп оқушылары талантты жас ақын Таңжарық Ниязбектің ақын-жазушыларға арнаған бір-бір шумақ арнауын оқып, гүл ұсынды.

Ақын-жазушылар кезекпен сөз алып, ұрпақ тәрбиесіндегі әдебиет пен өнердің, жалпы руханияттың рөліне тоқталды. Он қаламгерге бекітілген он оқушы ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқып, кештің шырайын келтірді.

Аудан әкімдігі поэзия фестиваліне қатысушы ақын-жазушылар мен Сәндібек Жұбаниязов, Кенжебек Тұманбайұлы, Дидар Сәрсенбекова, Асантемір Қаршығаұлы секілді сыйлы қонақтарға сый-сияпатын көрсетті. Біз өз кезегімізде Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры ақын Бауыржан Бабажанұлының алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын табыс еттік.

Мәдениет үйін жырмен көмкерген кеш түс ауа «Мерген саябағындағы Ғафу Қайырбеков ескерткішінің жанында жалғасын тапты. Бұл жерде де талантты жастар Ғафу ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Амангелді Кеңшілікұлы Ғафу ақын туралы қызықты естеліктерін айтып, кеш қонақтары ақындар Сәндібек Жұбаниязов, Дидар Сәрсенбекова, Асантемір Қаршығаұлы жырдан шашу шашты. Біз де Ғафу ағамыздан бастап, өз өлеңімізбен аяқтадық.

Мерекелік кеш Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйі жанындағы халық театры өнерпаздары сахналаған Ерсайын Төлеубайдың «Оян қазақ» спектаклімен жалғасты.

Ал кешке орталық алаңдағы сахнада поэзия фестивалінің гала-концерті өтті.

Торғайда алғаш рет өткен жыр кешін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабайдың авторлық жобасы «Ауыл және мәдениет» бағдарламасының қорытынды кезеңі деуге болады. Биыл қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отырған бұл жоба аясында бұған дейін алты ауылдық округ пен алты ауылда ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Ал бүгінгі жыр кешінің негізгі мақсаты – жас таланттарды аға буын, орта буынмен таныстыру, пікір алмасу. Жыр сүйер оқырманды авторлармен қауыштыру. Сонымен бірге фестивальдің аты аудандық дегенмен, деңгейі республикалық болды деп сеніммен айтуға болады. Себебі жыр кешіне республикаға танымал бірқатар ақын-жазушылар құрметті қонақ ретінде қатысқанын жоғарыда айттық.

Қош, сонымен көптен күткен игі шара өз мәресіне жетті. Келген қонақтар да, аудан тұрғындары да жоғары деңгейде өткен фестивальге дән риза. Осы ретте жыр кешін ұйымдастыруда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген барша жерлестеріме алғысым шексіз. Оның ішінде аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабай, Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Жанат Әлімбаева, Жангелдин ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Әсем Досмағаманбетова, Торғайдағы мәдени іс-шаралардың ұдайы басы-қасында жүретін, ұлтжанды азамат Нұрман Ембергенов секілді азаматтарға риясыз ризашылығымды білдіремін.

Бастысы, сең қозғалды. Ендігісі жанашыр жандардың ниеті мен уақыттың еншісінде. Жиында фестивальді жыл сайын өткізіп тұру туралы бастама көтерген едік. Алдағы жылы қазақтың қайталанбас біртуар ақыны Кеңшілік Мырзабековтің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай 2026 жылғы маусым айының басында «Кеңшілік оқуларын» өткізу туралы ұсынымыз аяқсыз қалмас деген ойдамыз. Ал Торғайда Кеңшілік ақын жырларын таласа оқитын талантты жастардың аз емесіне осы жолғы поэзия фестивалінде тағы бір рет көз жеткіздік.

 

Мұхарбек Жәкейұлы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында екінші атом электр станциясының құрылыс ауданын талқылауғ...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда 21 жасқа дейін несие берілмеуі мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.  Парламент...