Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайла...
ӨРЕЛІ ІС, ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛ
Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің түрлері мен бүгінгі таңдағы өзектілігі туралы айтқан едік. Енді оларды ұйымдастыру жолдарының кезеңдеріне тоқталғанды жөн санадық.
Бірінші кезеңде ортақ шәруа жасауға ынталы топтың қарасы анықталуы тиіс. Содан кооперативтің қажеттілігі, жалпы функциялары, құрылтайшылар саны айқындалады.
Келесі кезеңде кооператив құрылтайшылары жиналыста бас қосып, басқарма, ревизиялық комиссия мүшелері, төраға сайлайды. Жарғы, құрылтай шарттары бекітіледі. Кооперативке кіру, шығу қағидалары айтылады.
Үшінші де аудандық әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтеді. Кооперативтің мүліктік көздері, пайлық жарналары айқындалып, қор құру және өзгеде шаруашылықішіндегі қызметтерінің басы ашылады.
Төртіншіден бизнес-жоспар негізінде қандай өнімді өндіру керектігі мен оны қайта өңдеудегі жұмыс көлемі есептеледі. Сонымен қатар өндірген өнімді шығаратын нарық көзі, тұтынушылар мен тауар сатып алушылардың экономикалық ахуалы ескеріледі. Қанша қаржы қажеттігі және оны құятын көздері анықталады. Қорыта айтқанда кооперативтің өндірістік қызметінің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады.
Бұл кооперативтердің міндеттері: сүт, ет, көкөніс-жеміс, мақта шаруашылығы, май-тоң май және тағы басқа да өнім түрлерін өндірушіден тұтынушыға жеткізу болып табылады. Осы орайда өнім, шикізат және азық-түліктің жекеленген түрлерінің өзіне тән ерекшеліктерін ескеріп, нарықтағы сұранысына да мән берген жөн.
Ет пен сүтке тоқталатын болсақ, бұл тауарлар тез бұзылатын топқа жатады. Бұл орайда пайда көлемі, мал басының санымен, азығының жеткілікті түрде қамтамасыз етілуіне де байланысты.
Сондай-ақ картоп, жеміс-көкөніс сияқты өнімдердің ерекшеліктерін де ескерген абзал. Олардың жылу сүйетін және ерте пісетін түрлері болады. Бұндай шаруашылықпен айналысу үшін оны тез арада өткізу амалын алдын ала ойластыру қажет. Халқы мол қала маңы, қысқа және ұзақ мерзімді сақтау мүмкіндігі, жылыжай орындары мен мамандырылған ірі ұжымдық кәсіпорындардың болуы ысырапсыз еңбекке жол ашады.
Сонымен қатар өнімнің бұзылуға душар болатын шартты көлемі мен тұтынушылық сұранысты да есепке алған маңызды. Сондықтан осы өнімдердің балама түрлеріне де зер аударған жөн.
Мысалы, кептірілген, мұздатылған, консервіленген өнімдермен қатар шырындарда сұранысқа ие. Осындай әртүрлілігі мен өзіндік ерекшеліктері бар өнімдерді тиісті қасиеттеріне орай тұтынушыға жөнелтіп отыру аса жауапты іс.
Кооператив құрудағы қиыншылықтардың бірі бастапқы капиталдың тапшылығы болып саналады. Коммерциялық банктерден кредит алуға екінің бірінің мүмкіндігі келе бермейді. Мемлекеттік қолдау да мәз емес. Сонымен техника мен жабдық сатып алу үлкен проблемаға айналады.
Сондықтан, аталған саланы дамыту үшін мемлекеттік қаражат пен бюджеттен сырт қорлар, отандық және шетелдік донорлық ұйымдармен қатар жеке және заңды тұлғаларды қаржылық қолдауға тарту арқылы келешекте көпарналы жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.
Өңірлік ерекшеліктерге мән бере отырып, ауыл шаруашылығы кооперациясын өркендетудің өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаға қаржылық, ұйымдастырушылық, консультациялық, ақпараттық көмек көрсету сияқты іш-шаралар кіреді.
Өңірлік бағдарламаның бір бағыты: қолдау тапқан оң істерді, өнім, тауар өткізудің нарықтық жолдарын насихаттауға және материалдық-техникалық ресурстармен жарақтандырылуына, аграрлық-сервистік қызметтерге қолжетімділігі жағын реттеуге бағытталады.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің даму статистикасы қадағаланып, олар туралы нақтылы мәлімет алу жолы реттеледі.
Сонымен қатар кооперация тиімділігін арттыру үшін жергілікті аудан көлемінде үйлестіру кеңестері құрылады.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан - жер учаскелері: мал азығын дайындауға, базардағы орындар, мал сою пункттері және басқа да қажетті коммуникациялық инфрақұрылымдарды пайдалануға жәрдем көрсетіледі.
Сондай-ақ қайта өңдеуші кәсіпорындар арасында шарттар жасасуға, бинес- жоспар құрып, кредит алуға құжат дайындау бойынша көмектер жасалынбақшы.
Және де эпизоотиялық жағдайды қауіпсіз ету үшін ветеринариялық қызмет те өз тарапынан қол ұшын беріп отырады.
Тағы да бір жағымды көмектің түрі: ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы лизингімен қатар, оны сатып алу кезіндегі инвестициялық шығындарды субсидиялау көзделген. Сонымен қатар кредит беру, техника мен жануарлар және технологиялық жабдықтар сатып алудағы лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау да ескеріледі.
Аталған шаруаларды кәсіби деңгейде жүзеге асыру үшін білікті маман керек. Осы орайда кооператив басшысы, мамандарына арналған арнайы курстар ашылып, білім ордаларында осы салаға бейімделген мамандық түрлерін оқыту жүйесі қолға алынады.
«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген халық даналығын зердеге алып, қандайда шаруашылықты заман талабына сай, өркениет биігінде атқаратын кез жетті.
З. Самалбекұлы