Павлодар облысында жылыту пункттері 10 мың адамды қабылдауға дайын

Фото: pavon.kz

Жаңалықтар
290

Павлодар облысында жылыту пункттері 10 мың адамды қабылдауға дайын. Олар ауа райы салдарынан жолда қалып қойған азаматтар үшін жасалды, деп хабарлайды madeniportal.kz Pavlodarnews.kzтілшісіне сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД қызметкерлері жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының өкілдерімен бірлесіп, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда қысқы кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында қар басатын учаскелерді аралап шықты.

Өңірде жалпы ұзындығы 427,53 шақырымға созылатын 242 қарлы учаске бақылауға алынды. Оның ішінде: республикалық маңызы бар жолдарда – 138 учаске, облыстық жолдарда – 11 учаске, аудандық жолдарда – 93 учаске, - деп жазылған хабарламада.

Бұл учаскелерде жалпы ұзындығы 104,3 шақырым қар ұстайтын траншеялар мен біліктерді және ұзындығы 16 шақырымнан аса қардан қорғайтын қалқандар орнату көзделген. Республикалық маңызы бар жолдардың бойында 33 шақырымнан аса темірбетон қар ұстайтын қоршаулар орнатылды.

Жолдардағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ ауа райының нашарлауы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жалпы сыйымдылығы 10 мың адамнан асатын 189 жылыту пункті дайындалды.

Тәулік бойғы режимде екі трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Олар жылыту пункттері ретінде де пайдаланылады.

Қазір қысқы кезеңнен өту департаменттің және барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.