Президент Лисаков қаласындағы «Алақай» орталығының жұмысымен танысты

Жаңалықтар
931

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға жұмыс сапары барысында Лисаков қаласындағы балаларға арналған «Алақай» отбасылық демалыс орталығына барды. Мұнда балаларға арналған батут орталығы, тұз шахтасы, сондай-ақ әртүрлі ойын-сауық, демалыс орындары қарастырылған. Орталық директоры Любовь Захарова ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келе жатқанын және өзінің жеке кәсібін 2014 жылы 180 балаға арналған жекеменшік «Балақай» балабақшасын ашудан бастағанын айтты. Қазір «Алақай» орталығы жанынан аквапарк құрылысы жүріп жатқанын, келешекте өрмелеу алаңы, жазғы лагерь секілді жобаларды жүзеге асырғысы келетінін жеткізді.



Мемлекет басшысы кәсіпкердің  ойын құптайтынын айтып, кәсібіне табыс тіледі.

– Сіз өте дұрыс кәсіппен айналысып жатырсыз  деп ойлаймын. Лисаков қаласының, жалпы алғанда, жағдайы жақсы. Бұл орайда бұрынғы қала басшыларының да, сіз сияқты қала тұрғындарының да сіңірген еңбегі зор. Әрине, бұл – өте табысты кәсіп болмағанымен, халықтың қажеттілігіне бағдарланған бизнес. Сондықтан қала және облыс басшылығы сізге қолдау көрсетеді деп үміттенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев  ұзақ жылдар бойы білім беру жүйесінде адал еңбек етіп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосқаны үшін Любовь Захарованы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен  марапаттады.



Президентке Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов таяу жылдары Қостанай қаласында Үстел теннисі орталығы, ал сегіз ауылда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу  жоспарланып отырғанын баяндады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта Қостанай облысының белсенді жастарымен  әңгімелесті.



Лисаков қаласындағы №4 мектептің 11-сынып оқушысы, жүзуден Қазақстанның спорт шебері Дмитрий Энес Президентке жетістіктері мен арманы туралы айтты .

– Бала кезімнен спортпен айналысып, жақсы нәтижелерге жеттім. Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттім. Ұлттық құрамының сапына алындым. Францияда өткен 19-шы Дүниежүзілік гимназиадада чемпион атандым. Ал былтыр желтоқсан айында Грекияның Салоники қаласындағы халықаралық турнирде күміс медаль иелендім.  Келешекте әлемдік додалардың жеңіс тұғырында Қазақстан туын мақтанышпен көтергім  келеді, – деді Дмитрий Энес.



«Sanaly urpaq-2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрбек Әбдібеков азаматтық қоғамның дамуына айрықша көңіл бөлгені үшін Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өзекті мәселелер көтеріп, шешім қабылдау процесіне белсенді араласа бастағанын мәлімдеді.

«Serviсe trаde Company» ЖШС директоры Сергей Старков  бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламасы аясында екі түрлі кәсіп ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтығанын атап өтті. Ол  таяуда іске қосылған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз микрокредиттеу бағдарламасы жастар үшін айтарлықтай қолдау екенін, егер ниет болса,  шағын елді мекендерде де шаруаны дөңгелетіп, ірі жобалар жасауға болатынын айтты.

– Шын мәнінде, өзіңнің қарым-қабілетіңді көрсетіп,  халықтың игілігіне жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосу үшін үлкен қалада тұру шарт емес. Лисаков басқа моноқалалармен салыстырғанда әлдеқайда таза, жинақы  екенін әлгінде айттым. Кәсіппен, пайдалы іспен айналысу арқылы бұған сіздер де зор үлес қосып жүрсіздер. Осындай қалаларды дамытуымыз керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде осындай еңбекқор, ұқыпты, білімді жастардың көп болғанын қалайтынын атап өтіп, мемлекет жастар саясаты мен азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.

akorda.kz

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...