Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова өткен өміріндегі ауыр сәттердің бірімен бөлісті, деп хабар...
Президент «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, маңызды ойларын айтты
Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, туған жерге деген сүйіспеншілік адамның өз үйінен, ауылы мен қаласынан басталады. Сондықтан тазалыққа үлес қосып жүрген жастарды ол нағыз отаншыл азаматтар деп бағалады.
«Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет», – деді Президент.
Сондай-ақ ол өркениет, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластық пен селқостыққа еш қатысы жоқ екенін айтты. Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Президенттің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 600-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Оларға 7 миллион адам қатысып, 130 мыңнан астам гектар аумақ тазартылған. Сонымен қатар Қазақстан бойынша 1,3 миллион тал егілген.
«Мұның бәрі – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығының көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел азаматтарымен қатар, Қазақстанға келген шетелдіктер де қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіп сақтап, заң талаптарын құрметтеуі қажет екенін айтты.
Президент сөз соңында жастарға сенім білдіріп, ел болашағы білімді, белсенді, талапты ұрпақтың қолында екенін атап өтті.