«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Сәтбаев қаласының әкімі Мұ...
Президент: «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналып келеді
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғи байлығын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және «Таза Қазақстан» акциясының қоғам өміріндегі маңызы туралы пікір білдірді. Президенттің айтуынша, экологиялық бастама қарапайым тазалық жұмыстарынан асып, азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Президент Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрғанын және бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, елдің табиғи байлығын сақтау – тек азаматтардың алдындағы емес, халықаралық қоғамдастық алдындағы да жауапкершілік.
Мемлекет басшысы табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі Қазақстанның жаңа Конституциясында көрініс тапқанын айтты.
«Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді», – деді Президент.
Президенттің айтуынша, азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Сонымен қатар мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды маңызды мақсаттардың бірі ретінде белгілеген.
Мемлекет басшысы табиғи байлықты сақтау елдің экономикалық өрлеуімен қатар жүзеге асуы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық дамуды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану – елдің тұрақты дамуының маңызды шарты.
Президент «Таза Қазақстан» акциясының маңызы экологиялық тазалықпен ғана шектелмейтінін айтты. Бұл бастама қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, азаматтардың күнделікті өмір салтына ықпал етіп келеді.
«Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады», – деді Мемлекет басшысы.