Египетте көптен күтілетін және сұлулық пен жылулыққа толы мерекелердің бірі - Жам Эль-Нессим (S...
Нұрай Серікбайдың отбасы тергеу барысында заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді
Ашық дереккөз
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратураға жолданды.Марқұмның туыстары мен олардың адвокаты тергеу қорытындысымен келіспейтіндерін айтып, істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етуде, деп хадарлады MadeniPortal.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, іс материалдарымен танысу барысында отбасы өздері берген бірқатар өтінішхаттардың қаралмағанын анықтаған. Сондай-ақ олардың пікірінше, тергеу барысында елеулі заңбұзушылықтарға жол берілген.
«Біз осы ескертулердің барлығын прокурорға жолдаған шағымымызда көрсеттік. Қылмыстық істі анықталған кемшіліктерді жою үшін қосымша тергеуге қайтаруды сұрадық. Алайда әзірге шағымымызға жауап алған жоқпыз», – деді адвокат.
Отбасының алаңдаушылығын тудырған тағы бір мәселе – күдіктіге тағылған айыптар. Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған. Марқұмның туыстары прокуратура іс материалдарын зерделеу барысында осы айыптардың бір бөлігі алынып тасталуы мүмкін деп қауіптенеді.
Осыған байланысты отбасы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жүгініп, тергеуді ерекше бақылауға алуды және күдіктіге тағылған барлық үш айыптың сақталуын сұрады.
Мән-жайы
Нұрай Серікбайдың өлімі 2026 жылғы 11 қаңтарда болды. Қызды бұған дейін оған үйленуге әрекеттенген ер адам өлтірген.
Ол Нұрайды «алып қашу» дәстүрін желеу етіп, заңсыз түрде өз үйіне алып кеткен. Алайда бойжеткен оған тұрмысқа шығудан бас тартып, кейін туыстары оны үйіне қайтарып әкелген.
Біраз уақыттан кейін әлгі ер адам қайтадан пайда болып, Нұрайдың соңына түсе бастаған. Қыз одан қашуға әрекет жасаған кезде, күдікті оған бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Екі тәуліктен кейін Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны Шымкент қаласынан шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Бұл оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Шымкент полициясының әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Ал қызды некеге мәжбүрлеу дерегіне тиісті деңгейде әрекет етпеген полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша тергеу басталды.
Кейін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланды. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.