Путинді қамауға алмаған Тәжікстан Еуроодақтың сынына қалды

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
98

Еуропалық одақ Ресей президенті Владимир Путинді Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) қамауға алу туралы ордеріне қарамастан қабылдаған Тәжікстан билігін сынға алды. Бұл туралы 22 қарашада Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі (EEAS) мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Еуроодақтың мәлімдеуінше, Тәжікстан 19–20 қараша күндері Владимир Путинді ел аумағында қабылдап, Халықаралық қылмыстық соттың Рим статуты аясындағы міндеттемелерін орындамаған.

Брюссель халықаралық қылмыстардың жазасыз қалмауы керектігін атап өтіп, барлық мемлекеттерді ХҚС-пен толық ынтымақтастық орнатуға және қамауға алу туралы ордерлерді орындауға шақырды.

«Еуропалық одақ халықаралық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және бүкіл әлемнің әл-ауқатына қатер төндіретін қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс екенін еске салады», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар Еуроодақ Украинадағы ықтимал халықаралық қылмыстарға қатысты ХҚС жүргізіп жатқан тергеулерді қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылғы наурызда Владимир Путинді қамауға алу туралы ордер шығарған. Ол Украина аумағынан балаларды заңсыз депортациялауға және күштеп көшіруге қатысты әскери қылмыстар жасады деген күдікке ілінген. Ресей билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады. Бұған дейін Еуроодақ 2025 жылғы қазанда да Путинді қабылдаған Тәжікстанды сынға алған болатын. Ал 2024 жылы Ресей президенті ХҚС-қа мүше Моңғолияға барған кезде де қамауға алынбаған.