"Қазақстан аруы" "Ғалам аруы" байқауында сахнаға 5 миллион теңгелік алтын қанатпен шықты

Фото: Instagram.com/missqazaqstan.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
112

“Ғалам аруы – 2026” (Miss Universe) халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Алина Ри ерекше ұлттық киімімен көпшіліктің назарын аударды. Ол сахнаға қанатын жайған алтын бүркіт бейнесіндегі, құны 5 миллион теңгеден асатын киіммен шықты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

21 қарашада Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында халықаралық сұлулық байқауына қатысушылардың ұлттық киімдер көрсетілімі өтті. Қазақстан намысын қорғап жатқан шымкенттік Алина Ри “Алтын бүркіт: Қазақстан рухы” деп аталатын ерекше образын таныстырды.

Ұлттық киімнің басты ерекшелігі – ені 4,5 метрге жететін алтын түстес бүркіт қанаттары. Арнайы орнатылған механизмнің көмегімен қанаттар сахнада ашылып, қалықтап ұшқан құстың бейнесін жасайды.

Киімді қазақстандық SV Muse бренді әзірлеген. Оны дайындауға алты айдан астам уақыт кеткен. Шеберлер киімге 10 мыңнан астам сәндік тас қадап, кестелерін қолмен тіккен. Сондай-ақ бүркіт қауырсындары мен ұзындығы бес метр болатын етек жалғаған. 

Жалпы салмағы 30 келіге жуықтайтын ұлттық киімді дайындауға 5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Киімнің идеясын Алина Ридің өзі ұсынған. Ол Қазақстанның мемлекеттік туындағы белгілерді ұлттық образ арқылы көрсетуді мақсат еткен. Аспан түстес көгілдір мата, алтын күн, қыран құс пен қазақы ою-өрнектер бір киімде үйлесім тапқан.

“Көгілдір түс, алтын күн мен қалықтаған қыран – біздің еркіндігіміздің, тәуелсіздігіміздің және рухымыздың беріктігінің белгісі”, – деп жазды Алина әлеуметтік желідегі парақшасында.

Байқауға қатысушы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын әлемдік сахнада таныстыру мүмкіндігіне ие болғанын мақтан тұтатынын жеткізді. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Еуропалық одақ Ресей президенті Владимир Путинді Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) қамауға алу тура...

PESTEL

Индонезияның Бантен провинциясында кондитерлік фабрикада ірі өрт шығып, үш адам қаза тапты. Тағы 36...