Қадір түніне қалай дайындалу керек?

Жаңалықтар
8621

Мүслимнен жеткен хадис бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер» деп айтқан. Биыл Рамазан айының соңғы он күні 7-14 маусым аралығына келеді. Бұл уақытта мұсылмандар Қадір түнін қалай күту керек?


Алла тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с)  Қадір түнін сыйлады және былай деді: «Қадір түні саған және сенің үмметіңе мың айдан артық» (Сафуату тәфасир, ІІІ т., 1525 бет). Мың ай 83 жылға пара-пар келеді. 83 жылдың сауабы бар түнде мұсылмандар қандай амал жасауы тиіс?

Қадір түнiне арнайы бекiтiлген құлшылық түрi жоқ. Бұл түндi барынша нәпiл намаздармен, зiкiр, тиләуәт, дұғалармен өткiзу керек («Ислами айлар», Мүфтий Тақи Усмани). Дегенмен, мына амалдар ізгі болып есептеледі:

  1. Намаз оқу
  2. Құран оқу;
  3. Өткен күнәлары үшін кешірім тілеп, тәубе ету;
  4. Құптан намазында зәм сүре ретінде «Қадір» сүресін оқу керек.

Рамазанның соңғы 10 күніне арналған үш кеңес

Халық арасында Қадір түні келуі мүмкін болған күндеріндегі абзал амалдарға түрлі кеңестер айтылады. Назарларыңызға таңдаулы 3 кеңес ұсынамыз:

  1. Әр түні 50 немесе 100 теңге (бұл мөлшерден қалағаныңызша көбейтсеңіз болады) көлемінде садақа беріп жүріңіз. Сонда садақаңыз міндетті түрде Қадір түніне түскен болады.
  2. Әрбір түні екі рәкат намаз оқыңыз. Еліміздегі барлық мешітте кешке Құптан намазынан кейін Тарауих, Үтір уәжіп намазы оқылады. Соңғы он күнде мешітке барып, жамағатпен намаз оқысаңыз, жамағат сауабын аларсыз. Сондай-ақ 83 жылдан астам уақыт бойы әр түні намаз оқыған болып саналасыз.
  3. Әрбір түні “Ықылас” сүресін 3 рет оқыңыз. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Ықылас сүресін оқу, Құран кәрімнің үштен бірін оқығанмен бірдей» (Бұхари). Демек, бұл сүрені 3 рет оқысаңыз, толық оқығандай сауапқа кенелесіз. Сондай-ақ оны Рамазанның соңғы 10 күнінде оқысаңыз, 83 жылдан астам уақыт бойы Құранды толық оқыған болып есептелесіз.

Қадір түні намаз қалай оқылады?

Қадір түнінің намазын Құптан намазынан кейін, Үтір уәжіп намазынан соң, таң ағарғанға дейін оқуға болады. Қазақстан мешіттерінде Қадір түнінің намазы 2 рәкаттан 12 рәкатқа дейін оқылады, намазда Фатиха және Қадір сүрелері оқылады.

Қадір түнінің намазына: «Алла тағаланың ризалығы үшін ниет еттім Қадыр түнінің құрметіне осы намазды өтеуге, Аллаһу әкбар» деп құлақ қағып, ниет еткен жөн.

Қадір түні намазының оқылуы

1-рәкатта: 1 фатиха, 3 қадір сүресі оқылады.

2-рәкатта: 1 фатиха, 3 ықылас сүресі оқылады.

3-рәкатта: 1 фатиха, 3 қадір сүресі оқылады.

4-рәкатта: 1 фатиха, 3 ықылас сүресі оқылады.

Намаздан соң, екі жаққа сәлем бергеннен кейін 11 рет

«Аллаху әкбар, Аллаху әкбар, Лә илләху уаллаху әкбар Аллаху әкбар уәлилләхи хамд» деп айтылады.

Ең соңында 100 рет Ықлас сүресі, 100 рет Қадір сүресі оқылады.

Ақжарқын Қыдырханова

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...